Үкімет басшысы бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатысып жатқан Alarko Holding-тің жұмысы Қазақстан үшін маңызды екенін атап көрсетті. Қазіргі уақытта Алматы облысында Үлкен Алматы айналма автомобиль жолын салу жөніндегі жоба сәтті аяқталуда.
«Менің білуімше, компания босаған білікті ресурсты, техника мен жабдықтар паркін Қазақстан аумағында басқа да жобаларды іске асыру үшін пайдалануға дайын. Біз ынтымақтастығымыздың келешегін егжей-тегжейлі талқылауға дайынбыз», — деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министр еліміздің өзекті инвестициялық пулында экономиканың түрлі салаларындағы 850-ге жуық перспективті жоба бар екенін айтты.
Өз тарапынан Йылдыз Умит Нури аталған пулды мұқият талдауға, сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен әлеуетті жобалардың түпкілікті тізбесін пысықтауға дайын екендігін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша келіссөзді жақын арада жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Анықтама: Alarko Holding – Түркияның ірі құрылыс компанияларының бірі. Қазақстанда жұмыс істеген 30 жыл ішінде ол Астанадағы халықаралық әуежайды реконструкциялау, мыс-байыту зауытын, Ертіс өзені арқылы өтетін аспалы көпір және республикалық маңызы бар бірқатар негізгі автожолдарды салу бойынша жобаларды іске асырды.