Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте мемлекеттік органның шешіміне немесе әрекетіне (әрекетсіздігіне), оның ішінде сот тәртібімен дауласу процесінде жеке тұлғаның құқықтық мүмкіндіктерін теңестіруге мүмкіндік беретін құқықтық құралдар көзделген. 


«Кодексте арнайы қағидаттар белгіленген, оларды сақтамау сипаты мен маңыздылығына байланысты әкімшілік органның шешімін заңсыз деп тануға негіз бола алады, бұл оның барлық туындайтын мән-жайлармен жойылуына әкеп соғады. Әкімшілік органдардың шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану жөніндегі істерді қарайтын құрылған мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттар өздерінің тиімділігін көрсетті. Әкімшілік сот ісін жүргізудің айрықша белгілерінің бірі соттың белсенді рөлінің жаңа қағидатын енгізу болып табылады, соның арқасында судьяға істі дұрыс және әділ шешу үшін белсенді болуға және өз бастамасымен қосымша дәлелдемелер жинауға мүмкіндік беріледі. Мысалы, Жоғарғы Соттың мәліметтеріне сәйкес, әкімшілік әділеттің жаңа форматының бірінші жылында аяқталған істердің жалпы санынан талапкерлердің талаптары 4 474 іс бойынша толық немесе ішінара қанағаттандырылды (52%), 4 085 немесе 48% - қанағаттандырудан бас тартылды», - деді вице-министр.


Бұл ретте ол Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін мемлекеттік органдарда азаматтармен және заңды тұлғалармен дауларда «ұтылған» істердің мұндай сыни көрсеткіштері болмағанын атап өтті. Мысалы, бұрын мемлекеттік органдар азаматтық істердің 85%-ға жуығын жеңіп алған.


А. Мұқанова Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі өзінің мәні бойынша мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы қарым-қатынастың ерекше тәртібінің кепілі болып табылады деп түйіндеді.