«Дуалды оқытуға қатысатын кәсіпорындар саны бүгінгі күні 8 мыңнан асады. Соңғы екі жылда дуалды оқыту бойынша оқыған 40 мыңнан астам түлек еңбек өтілі бар еңбек нарығына шықты. Бұл студенттердің еңбек нарығына деген сұранысын арттыратын заңнамалық жаңашылдықтардың бірі. Алдағы уақытта Оқу-ағарту министрлігі білім басқармаларымен, техникалық кәсіптік білім беру ұйымдарымен бірлесіп бұл жұмысты жалғастыратын болады», - деді спикер. 


Дон тау-кен байыту комбинатының өкілі Марат Қуанышбаев колледждермен ынтымақтастық орнату және дуалды оқыту шеңберінде мамандар даярлау тәжірибесімен бөлісті. 
Оның айтуынша, жыл сайын колледж түлектері кәсіпорында жұмысқа орналасады. 


«Бүгінгі таңда дуалды оқытумен 8 білім беру бағдарламасы бойынша 528 колледж студенттері қамтылған. Колледждерде академиялық дербестік енгізілуіне байланысты барлық 8 бағыт бойынша біздің өндірістің талаптарын ескере отырып, білім беру бағдарламалары өзектендірілді. Соңғы 2 жылда 416 студент өндірістік практикадан, 25 колледж педагогі тағылымдамадан өтті. Соңғы 2 жылда біздің кәсіпорын 200-ден астам колледж түлегін жұмысқа орналастырды», – деді спикер.