Мәселен, жуырда Талдықорған сервис және технологиялар колледжінің базасында «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығы бойынша аспаздықта оқитын өңір колледждерінің студенттері үшін 8 күндік облыстық тағылымдама ұйымдастырылды. Іс-шараға өңірдегі 7 колледжден 40-қа жуық студент пен оқытушы қатысты.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, теориялық және практикалық бөлімдерден тұратын тағылымдамадан Көксу политехникалық, Алакөл гуманитарлық-техникалық, Сарқан политехникалық, Текелі кәсіптік, Бастөбе сервистік-техникалық, Жаркент көпсалалы, Ақсу политехникалық колледждерінің 34 студенті мен оқытушысы өтті. Олар аспаз мамандығын оқып жүрген білімгерлер мен осы мамандық бойынша білім беретін өндірістік оқытудың шеберлері. Бұл ретте тағылымдаманың теориялық бөлігі онлайн-режимде, ал практикалық бөлігі Талдықорған сервис және технологиялар колледжінің құзыреттілік орталығының шеберханаларында ұйымдастырылды. Сабақтарды жергілікті педагогтар мен өндірістік оқыту шеберлері өткізді.
Тағылымдаманы ұйымдастырудағы басты мақсат - заманауи үрдістерді ескере отырып, тамақ дайындаудың практикалық тәжірибесін қалыптастыру. Бұл ретте негізінен жеке тұлғаны, оның шығармашылық қабілеттерін дамытуға, кәсіптік білім беру сапасы мен жас әрі болашақ мамандардың кәсіби шеберлігін арттыруға екпін түсіріліп отыр.
Тағылымдама аясында білімгерлер танымал тағамдарды, түрлі соустарды, балықтан жасалатын ас-ауқаттарды қалай әзірлейтінін үйренумен қатар, қоғамдық тамақтандыруды ұйымдастыру саласында қолданылатын кәсіби лексиканы қолдану дағдыларын жетілдірумен айналысты. Дайындалған тағамның массасын көрсете отырып, олардың технологиялық карталарын жасады. Оқыту мен оның нәтижелерін бағалаудың процесі толығымен WorldSkills стандарттарына негізделгенін атап өту керек. Тағылымдама аяқталғаннан кейін барлық қатысушыларға құзырет орталықтарынан сертификаттар берілді.
- 23 қаңтар мен 2 ақпан аралығында Талдықорғанда «Аспаздық іс» құзыреттілігі бойынша тағылымдама өтті. Біздің оқыту және практикалық сабақтарымыз WorldSkills чемпионатының стандарттары мен тапсырмаларына сәйкес өткізілді. Маған шеберханалардың орналасу реті, жаңа жабдықтармен жұмыс істеу, заманауи аспаздық өнердің қыр-сырын меңгеру қатты ұнады. Жалпы оқыту атмосферасы ерекше әсер етті. Сабақтар шын мәнінде қызықты әрі пайдалы, ең бастысы жаңа тәсілдерді енгізе отырып өткізілді, - дейді өз әсерімен бөліскен Көксу политехникалық колледжінің ІІІ курс студенті Маржан Темірхан.
Мұғалімдер де дән риза. Солардың бірі Алакөл гуманитарлық-техникалық колледжінің өндірістік оқыту шебері Роман Мишениннің пікірінше, мұндай тәжірибе алмасулар заманауи құрал-жабдықтар мен технологияларға қолы үнемі жете бермейтін шалғай аудандарда орналасқан оқу орындары үшін аса маңызды, әрі олардағы оқу процесін жаңартуға ықпал етеді.
Жетісу облыстық білім басқармасының мәліметіне қарағанда, әртүрлі бағыттар бойынша түрлі нысандар мен әдістемелерді пайдалана отырып, осындай тағылымдамалар құзырет орталықтарында үнемі өткізіліп тұрады. Мысалы, Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің құзыреттілік орталығы базасында ІТ-технологиялар, құрылыс саласы бағыттарында, ал Талдықорған гуманитарлық-техникалық колледжінің базасында «Жиһаз өндірісі» мамандығы бойынша практикалық сабақтар өткізіледі.