Тараптар 2022 жылғы 11 қарашада Самарқанд қаласында өткен 9-шы Саммитінің қорытындысы бойынша ТМҰ мемлекет басшыларының берген тапсырмаларының орындалу барысын, сондай-ақ Түркістан қаласында ТМҰ 10-шы мерейтойлық саммитін өткізудің ықтимал мерзімдерін талқылады.
Кездесу барысында Қ. Тумыш Қазақстан бауырлас түркі мемлекеттері ынтымақтастығының көптеген алаңдарын құрудың бас бастамашысы ретінде көпжақты түркі интеграциясын дамытуға маңызды мән беретінін атап өтті.
Кездесуге қатысушылар қазіргі уақытта ТМҰ елдерінің жиынтық нарығы шамамен 160 млн адамды құрайтынын, ал қатысушы мемлекеттердің ортақ жалпы ішкі өнімі 1,3 трлн АҚШ доллардан астам бағаланатынын атап өтті, бұл әлемдік экономиканың шамамен 2,3% құрайды.
Осы тұрғыда Ұйым шеңберіндегі өзара сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері мен перспективалары қарастырылды. Тараптар одан әрі ынтымақтастықтың қуатты драйвері бола алатын көлік-транзит саласының ерекше маңыздылығын атап өтті.
Кездесу соңында қатысушылар ТМҰ шеңберіндегі байланыстарды жан-жақты нығайту мәселесі қатысушы елдердің ұзақ мерзімді сыртқы саяси мүдделеріне жауап беретінін атап өтті және осы кездесу форматындағы тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендігін растады.