Отырыстарға бейнеконференция байланысы режимінде облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері, Бас прокуратураның, әділет, ішкі істер, қаржы министрліктерінің жауапты лауазымды адамдары қатысты.
Отырысқа «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» Республикалық қоғамдық бірлестігі мен «Ақ Жол» Қазақстан Демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігінің басшылары шақырылды. Сондай-ақ ЕҚЫҰ ДИАҚБ сайлауды байқау Миссиясының өкілі және бұқаралық ақпарат құралдары қатысты. Отырыстардың трансляциялары сурдоаударманы қамтамасыз ете отырып, Интернет-ресурс және Youtube арқылы өтті.
Бірінші отырысты аша отырып, Нұрлан Әбдіров Орталық сайлау комиссиясы сайлау науқаны шеңберінде халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттерден келіп түскен ұсыныстар негізінде Сыртқы істер министрлігінің ұсынысы бойынша аккредиттеу рәсімін жалғастыратынын атап өтті.
Бұл ретте Сайлау туралы Конституциялық заңның нормаларына сәйкес шет мемлекеттің, халықаралық ұйымның байқаушысын аккредиттеуді шет мемлекеттің, халықаралық ұйымның өтініші негізінде Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша Орталық сайлау комиссиясы кері қайтарып алуы мүмкін.
Күн тәртібінің бірінші мәселесі бойынша Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман баяндама жасап, а.ж. 20 қаңтарында халықаралық байқау институты ашылғаннан бері 3 шет мемлекеттен және 2 халықаралық ұйымнан 62 байқаушы аккредиттелгенін хабарлады.
Бүгінгі күні аккредиттеуге 3 шет мемлекеттен және 2 халықаралық ұйымнан 12 байқаушының кандидатуралары ұсынылды:
- Корея Республикасынан, Қырғыз Республикасынан және Таиланд Корольдігінен - 1 кандидатурадан,
- Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы байқаушылар Миссиясынан - 7 кандидатура,
- ДИАҚБ сайлауды байқау Миссиясынан - 2 кандидатура.
Сонымен қатар ЕҚЫҰ ДИАҚБ-дан осы ұйымның Миссиясының құрамындағы өзгерістер туралы алынған нотаға байланысты екі байқаушы бойынша тиісті өзгерістер енгізілді.
Отырыстың екінші мәселесіне тоқтала отырып, Нұрлан Әбдіров Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлауға қатысуға Қазақстанда тіркелген 7 саяси партияның барлығы жіберілгенін атап өтті.
Ағымдағы жылдың 6 ақпанында Жалпыұлттық социал-демократиялық партия Орталық сайлау комиссиясына Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлауға партиялық тізімді ұсыну туралы құжаттарды тапсырды.
Осыған байланысты Орталық Сайлау комиссиясы кандидаттардың Конституциямен және сайлау туралы Конституциялық заңмен қойылатын талаптарға сәйкестігін айқындау жөнінде тиісті рәсімдер жүргізді. Сонымен қатар Ортсайлауком өз құзыреті шеңберінде Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауында саяси партиялар ұсынған партиялық тізімді тіркеуді жүзеге асырады.
Осы мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцова баяндама жасады.
Ол Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның партиялық тізіміне 19 адам енгізілгенін, оның 6 кандидаты әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар екенін, олардың жалпы саны 31,6 процентті құрайтынын хабарлады.
Партиялық тізімге енгізілген барлық адамдар Конституция мен сайлау туралы Конституциялық заңның талаптарына сәйкес келеді.
Анастасия Щегорцова Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның алдыңғы парламенттік сайлауға қатыспағанын атап өтті. Сондықтан Сайлау туралы Конституциялық заңның 88-бабына сәйкес партиялық тізімді тіркеу үшін Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасын енгізуі тиіс. Жарна сомасы - партиялық тізімге енгізілген әрбір адам үшін ең төменгі жалақының он бес еселенген мөлшері.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия сайлау жарнасын толық көлемде төледі.
Кандидаттардың сәйкестігін аңықтау және партиялық тізімді тіркеу туралы тиісті хаттамаларға қол қойылғаннан кейін ОСК мүшелері «2023 жылғы 19 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауында Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның партиялық тізімін тіркеу туралы» қаулы қабылдады.
Ортсайлаукомның екінші отырысын аша отырып, Нұрлан Әбдіров 6 ақпанда «Ақ Жол» Қазақстан демократиялық партиясы» Орталық сайлау комиссиясына Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлауға партиялық тізімді ұсыну туралы құжаттар тапсырғанын атап өтті. Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясы кандидаттардың Конституция мен Сайлау туралы Конституциялық заң талаптарына сәйкестігін айқындау жөнінде тиісті рәсімдер жүргізді.
Осы мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов баяндама жасады.
Ол «Ақ Жол» Қазақстан демократиялық партиясы» 54 адамнан тұратын партиялық тізімді ұсынғанын хабарлады. Тізімдегі 18 адам-әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар, бұл жалпы санының 33,3 процентін құрайды. Партиялық тізімге енгізілген барлық адамдар заң талаптарына сәйкес келеді.
Сондай-ақ Асылбек Смағұлов 2021 жылғы қаңтарда өткен Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауында «Ақ Жол» Қазақстан демократиялық партиясы» сайлаушылардың 10,95 процентін алғанын хабарлады. Осыған байланысты партия сайлау жарнасын төлеуден босатылады.
Кандидаттардың сәйкестігін аңықтау және партиялық тізімді тіркеу туралы хаттамаларға қол қойылғаннан кейін ОСК мүшелері «2023 жылғы 19 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауында «Ақ Жол» Қазақстан демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімін тіркеу туралы» қаулы қабылдады.
Енді екі партия да тиісті куәліктерін алып, сайлау қорын қалыптастыру үшін арнайы уақытша шоттар ашуға кірісті.