Мемлекет басшысына балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі тәрбиеленушілерінің оқу-жаттығу сабақтарын өткізетін ауыр атлетика залы мен үлкен ойын залы таныстырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев мектепті аралап көргеннен кейін өңірдің белгілі спортшыларымен және жаттықтырушыларымен кездесті.

Президент қазақстандық спортшылардың өнерін әрдайым тамашалайтынын және қолдайтынын атап өтті. Сондай-ақ ірі жарыстардағы жоғары жетістіктері үшін спортшыларға алғыс айтып, еліміздің шетелдегі имиджін арттыруға қосқан олардың үлесіне тоқталды.

Шара соңында Мемлекет басшысы Лейк-Плэсидте (АҚШ) өткен Дүниежүзілік қысқы универсиада чемпионы биатлонист  Бекентай Тұрлыбековке Алғыс хатын табыс етті.