Бұрынғы мердігердің салғырттығынан бұл нысандағы жұмыс тоқтатылған болатын. Нәтижесінде тиісті келісімшарт бұзылып, қайтадан жүргізілген мемлекеттік сараптамадан кейін жаңа мердігер 2022 жылдың екінші жартысында құрылысты жалғастыруға кіріскен еді.

«Асыл Арман» нысанындағы жұмыстармен танысып болғаннан кейін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі «ҚазАвтоЖол» АҚ басшылығының облыс бойынша қолға алған негізгі автжол жобалары туралы есебін тыңдады.

Олардың қатарында Қарасай ауданындағы «Алматы – Бішкек» автожолының 3,8 шақырымдық учаскесін («Алтын Орда» базары ауданында) күрделі жөндеу, Үлкен Алматы айналма автожолы мен оның 6 радиалды жолын салу, сондай-ақ «Алматы – Үшқоңыр – Ұзынағаш» (20-68 шақырым) А-4 және «Алматы – Талғар – Бәйдібек би» (10-78 шақырым) Р-17  автожолдарын жаңғырту бар.

Алматы облысындағы автомобиль жолдары желісінің жалпы ұзындығы -  5 649 шақырым. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық жолдардың үлесі 94%-ға, ал жергілікті жолдардың көрсеткіші 91%-ға тең.

Биыл осы өңірдің жолдарын дамытуға 61 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 43 млрд теңгені 693 шақырымдай республикалық жолдарды күтіп ұстап, жаңғыртуға, сондай-ақ күрделі және орташа жөндеуге жұмсау жоспарланған.

Жаңғырту жұмыстарымен «Ұзынағаш – Отар», «Шамалған стансасы арқылы жалғасатын жол өткелі», «Құрты – Бурылбайтал» және «Құрты – Қонаев» автожолдарының учаскелері қамтылады. Ал «Көкпек – Кеген – Түп (Қырғызстанның шекарасы)», «Өзбекстан шекарасы – Шымкент – Тараз – Алматы – Қорғас», «Алматы – Өскемен – Шемонаиха – РФ шекарасы» мен  «Алматы – Бішкек» және «Алматы – Қорғас» жолдарын күрделі жөндеуден өткізу межеленген. Сонымен бірге «Алматы – Шелек – Қорғас», «Өзбекстан шекарасы – Шымкент – Тараз – Алматы – Қорғас» және «Кеген – Нарынқол» учаскелерінде орта жөндеу жүргізіледі. Бұл арқылы 2023 жылдың соңына дейін нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі 93%-ға дейін жетуі тиіс.

Бұл орайда осы жылы Алматы өңіріндегі жергілікті жолдарды жақсартуға 18 млрд теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 12,2 млрд теңге және облыстық бюджеттен 5,8 млрд теңге бөлінетінін айта кеткен орынды. Құрылыс пен жаңғырту жұмыстарына 8,3 млрд теңге қарастырылса, күрделі және орташа жөндеуге 3,9 млрд теңге жұмсалмақ.

Жол бойындағы қызмет көрсету түрлерін дамытуға да ерекше назар аударылып отырғаны айтылды. Қазір Алматы облысы бойынша жол бойындағы қызметтің 230 нысаны жұмыс істеп тұр. Оның 175-і (76%) ұлттық стандартқа сәйкес келеді. Жыл соңына қарай бұл көрсеткіш 85%-ға, ал 2026 жылға дейін 100%-ға дейін жетеді деп көзделіп отыр.

2022 жылы облыс жолдарында 3 қонақ үй кешені, сондай-ақ 3 жанармай құю стансалары мен 3 санитарлық-гигиеналық торап пайдалануға берілді. Биыл 1 жанармай құю стансасы мен 3 тамақтану пунктін салу жоспарланып отыр.