Сондай-ақ Санжар Жаркешов газ саласындағы реформаларды жүзеге асыру жөніндегі ұсыныстарын жеткізді.
Президентке халықты табиғи газбен үздіксіз қамтамасыз ету үшін қабылданып жатқан шаралар туралы баяндалды. Қазақстанда 2022-2023 жылдардағы жылыту маусымында бұрын-соңды болмаған көп мөлшерде газ пайдаланылған.
Ұлттық компания басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қашаған кен орнындағы газ өңдеу зауыты құрылысының барысы туралы мәлімет берді. «QazaqGaz» компаниясы Алматыдағы жылу электр орталығына газ құбырын тарту, Бейнеу – Жаңаөзен газ құбырының екінші желісін салу, Мақат – Солтүстік Кавказ газ құбырын кеңейту және басқа да маңызды инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатыр.
Сонымен қатар Мемлекет басшысына ұлттық компанияның ресурс базасын ұлғайту және геологиялық барлау бағдарламасын жүзеге асыру үшін жүргізіп жатқан белсенді жұмысы туралы баяндалды.
Санжар Жаркешов шығындарды оңтайландыру нәтижесінде былтыр ұлттық компанияның қарызы 26 пайызға азайғанын айтты.
Кездесу соңында Президент газ саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін реформаны жалғастыруды тапсырды.