Марат Қарабаев шетелдік компанияның елімізде ірі жобаларды іске асыруда жоғары нәтижеге жеткендігін атап өтті. Олардың қатарында Қазақстандық электролиз зауыты, Ақтоғай және Бозшакөл жобалары бар.
«Қазақстанды инвестиция құю және өндірістік қуаттарды кеңейту үшін таңдағаныңызға алғыс айтқым келеді. Біз өңдеу өнеркәсібінің заманауи және технологиялық өндірістерін іске асыру үшін инвестициялар тартуға мүдделіміз. Өз тарапымыздан жобаны іске асырудың барлық кезеңдерінде қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді ҚР ИИДМ басшысы.
Қазақстан тарапынан инвестициялық жобаны «Қазақмыс корпорациясы» және «KAZ Minerals» компаниялары жүзеге асырады. Зауыттың жобалық қуаты жылына 300 мың тонна катодты мысты құрамақ. Жоба инвестицияларды тартып қана қоймай, ұзақ мерзімді кезеңге жүздеген жұмыс орнын ашады.
Өз кезегінде China Nonferrous Metals Mining (Group) Co., Ltd. компаниясының бас директорының орынбасары Лю Юй Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының деңгейін жоғары бағалап, жаңа жоба тараптардың байланысын нығайта түсетіндігіне сенім білдірді.