Серік Жұманғарин Үкіметтің халық пен кәсіпкерлерді қолдау аясындағы шаралары туралы хабардар етіп, қараша айында өткен бірінші кездесуде айтылған мәселелер бойынша жұмыстың іске асырылу барысы туралы есеп берді. Оның ішінде жүн мен тері экспортына кедендік жеңілдіктер туралы мәселелер шешілді. 

«Бұл мәселе түрлі өңірлерде, ШҚО-да, Астанада қой шаруашылығымен айналысушылармен кездескен кезде бірнеше рет көтерілді. Жақында ол бойынша шешім қабылданды: 22 ақпанда Ведомствоаралық комиссияның отырысында жүнге ЭКБ нөлдік мөлшерлемесін ұзарту мәселесі мақұлданды. Республикалық бюджет комиссиясы оң қорытынды шығарғаннан кейін СИМ кедендік әкету баждары қолданылатын тауарлардың тізбесіне өзгерістер енгізу бойынша қажетті рәсімдердің барлығын жүргізеді», — деді Серік Жұманғарин. 

Тағы бір маңызды мәселе – жергілікті қамту үлесі бөлігінде «Самұрық-Қазына» қорының мемлекеттік органдары мен компаниялары сатып алған жеңіл өнеркәсіп тауарларына СТ-KZ тауарларының шығу сертификаттарының болуы бойынша жұмыс атқарылып жатыр. Бұл мәселемен СИМ Техникалық реттеу және метрология комитеті айналысады. Комитет Қордың сатып алуларына талдау жүргізіп, ықтимал сәйкессіздіктерді анықтап, оларды жою жөніндегі шараларды Қормен бірге пысықтауда. 

Былтыр қараша айында оңтүстік өңірлердің кәсіпкерлері Еуропа елдеріне өнім экспорттау үшін ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының еурокодты аккредиттеу мен алу процесін жеделдетуді сұраған болатын. Серік Жұманғарин бұл мәселемен Ауыл шаруашылығы министрлігі айналысып жатқанын айтты. Жақында Брюссельге жасаған сапары аясында ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев пен «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ бас директорының орынбасары Әсел Егембердиева еуропалық комиссарлармен кездесті. Келіссөздер нәтижесінде биылғы 15 наурызда ресми түрде балық жеткізушілер тізімі жаңартылады. Франция және Швейцариямен қазақстандық балық өнімдерін сатып алуға коммерциялық уағдаластықтар қолда бар. Қазіргі таңда балық шаруашылығы өндірушілерінің аудит жұмыстары аяқталып қалды. Бұл шара бал, сүт және ет өнімін өндіретін экспорттаушыларды тізілімге енгізу жұмыстарын бастауға ықпал етпек.

Екінші кездесу барысында қала тұрғындары мен кәсіпкерлері астық тасымалдау, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау, Қазақстанның батыс немесе шығыс өңірлеріне тауарларды жеткізу үшін оңтүстік өңірлер өндірушілерінің жол шығындарын субсидиялау мүмкіндігі, ел ішіндегі отандық тоқыма бұйымдарының бәсекеге қабілеттілігі, жылыжайларды субсидиялау және т.б. мәселелерді көтерді. 

Серік Жұманғарин Үкіметтің жылыжай шаруашылықтарын қолдау шаралары жөніндегі жұмысы туралы айтып берді.

«Ақпан айында мен Түркістан облысының Сарыағаш және Мақтаарал аудандарында болдым. Қыста қатты аяздан және қардың көп түсуінен, сондай-ақ көмір жетіспеушілігінен жылыжайлар зардап шекті. Өңірде екі млн-нан астам адам тұрады және мемлекеттің басты міндеті – өндірістерді, жаңа жұмыс орындарын дамыту үшін барынша жағдай жасау. Жылыжай шаруашылықтарын қолдауға субсидиялар бөлу туралы шешім қабылданды. Қазір жылыжайлар үшін ұлттық стандарт әзірленуде, ол бекітілгеннен кейін жылыжай шаруашылықтарына субсидиялар бөлу мүмкіндігі үшін заңнамаға өзгерістер енгізілетін болады. Көмір бойынша жақында Шұбаркөл көмір қорының басшылығымен жылыжайларға көмірді тікелей биржа арқылы, дилерлердің көмегімен сату мүмкіндігі бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді. Сондықтан бұл мәселе де жақын арада шешіледі деп ойлаймын», — деді вице-премьер.