Зерттеудің мақсаты – гендерлік саясат саласындағы проблемалық аспектілерді талдау, Қазақстанның гендерлік саясатының ерекшеліктерін ескере отырып, қоғамдық-саяси қызмет саласындағы әйелдер мен ерлердің тең құқықтары мен мүмкіндіктерін іске асырудың тиімді жолдарын анықтау.

«Жаппай сауалнамаға республикалық маңызы бар 3 қала мен 14 облыстан (сауалнама жаңа облыстар құрылмай тұрып жасалған болатын) 1200 респондент қатысты. Зерттеу 18 және одан үлкен жастағы Қазақстан азаматтары арасында жүргізілді. Бұл ретте бірқатар міндет алға қойылды. Атап айтқанда, гендерлік саясат саласындағы шет мемлекеттердің озық тәжірибесін анықтау, Қазақстанда гендерлік саясатты іске асыру тетіктерін зерттеп, мәселелерді белгілеу, сондай-ақ гендерлік саясатты жүзеге асыруда әйелдер мен қыздардың мүмкіндіктерін кеңейту бойынша мемлекетте қабылданып жатқан шаралар жан-жақты зерттелді. Мұнымен қоса, сандық және сапалық әдістерді қолдана отырып, әлеуметтану зерттеуін жүргізіп, практикалық ұсыныстар әзірленді», – деді спикер.

Қазақстан 10 жыл ішінде 2022 жылы алғаш рет гендерлік алшақтық индексі бойынша 15 позицияға көтерілді. Әсем Қайдарованың айтуынша, әлі де болса, айтарлықтай гендерлік алшақтық бар.

«Әсіресе бұл саяси және экономикалық салада көп байқалады. Өйткені біздің қоғамда әйелдердің саясатқа қатысуы ер азаматтарға қарағанда шектеулі болып табылады. Ұзақ мерзімді келешекте бұл ұлттық адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігіне әсер етуі мүмкін. Сондықтан бұл мәселеге баса назар аудару қажет», – деді басқарма төрағасының орынбасары.