Бүгінгі таңда ЕО Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық серіктесі болып табылады, ЕО тікелей шетелдік инвестицияларының жалпы көлемі 160 млрд доллардан асады.

«2022 жылдың 9 айында еуропалық инвестициялар ағыны 10%-ға өсіп, 8 млрд доллардан асты. ЕО-ның үлесіне Қазақстанның сыртқы саудасының шамамен 30%-ы тиесілі. 2022 жылы тауар айналымының көлемі 2021 жылғы көрсеткіштен 27,6%-ға асып, 40 млрд долларға жетті. Бұл Ұлыбритания ЕО құрамынан шыққаннан бергі рекордтық көрсеткіштер. Биыл да қарқынды өсу жалғасуда», - деді Роман Василенко.

Оның айтуынша, Қазақстан «екінші буын» келісіміне – ЕО және оған мүше мемлекеттермен кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған және оны ратификациялаған аймақтағы жалғыз ел болып қала береді.

Бұл ретте Қазақстан өткен жылы сирек кездесетін металдар, «жасыл» сутегі, аккумуляторлар, көлік-логистикалық әлеуетті дамыту, сондай-ақ тауарларды жеткізу тізбегін әртараптандыру сияқты жаңа салаларда ынтымақтастық орнатты.

Спикер Батыс Қазақстанда жел мен күн электр станцияларын орнату және 2030 жылдан бастап 3 млн тонна «жасыл» сутегін өндіру бойынша құны 30-40 млрд еуро болатын ірі еуропалық «Svevind» компаниясымен маңызды келісім туралы айтты.

Қазірдің өзінде Қазақстанда еуропалық капиталдың қатысуымен 3 мыңнан астам компания табысты жұмыс істеуде. Олардың қатарында «Shell», «Eni», «Total», «Amazonen-Werke», «Air Liquide», «Alstom» және «Carlsberg» сияқты әлемдік алыптар бар. Сонымен қатар аймақтағы геосаяси жағдайға байланысты көптеген еуропалық компаниялар елімізге келуге айтарлықтай қызығушылық танытуда.

«Бүгінгі таңда Ұлыбритания, Литва, Дания, Чехия елдерінің ірі компанияларымен Қазақстанда жаңа өндіріс ашу немесе олардың өңірлік кеңселерін ауыстыру туралы нақты уағдаластықтар бар», - деді спикер.