Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында студенттерді жатақханалармен қамтамасыз ету үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін белсенді енгізу міндетін алға қойды.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша, бірқатар шаралар қабылдануда.
Атап айтқанда, студенттік жатақханалар салу үшін төлемдер мөлшері ұлғайтылып, мерзімі қысқартылды.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен ҚР Оқу-ағарту министрлігі ЖОО мен колледждерге жаңа жатақханалар салу немесе ғимараттарды жатақханаға айналдыру үшін қайта жаңғырту кезінде құрылыс салушының шығындарын ішінара өтеуге бағытталған мемлекеттік тапсырысты орналастыру тетігін қайта қарастырды.
ЖОО және колледж студенттері үшін жатақханалар салу кезінде бір орынға мемлекеттік тапсырыстың мөлшері 122 АЕК-тен 195 АЕК-ке дейін, Алматы қаласы үшін 144 АЕК-тен 230 АЕК-ке дейін көбейді. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру мерзімі 8 жылдан 6 жылға дейін қысқартылды.
Алдын ала жасалған келісімге сәйкес 2025 жылға дейін 75 жаңа жатақхана салу жоспарланған.
Алматыда студенттік жатақханалар құрылысының жобалық офисі ашылды.
Жобалық кеңсенің негізгі міндеті Алматы қаласының аумағында жатақханалар салу және студенттерді тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін қолайлы жағдай жасау. Атап айтқанда, қала әкімдігі мен Қаржы орталығы тарапынан тұрғын үй салуға мүдделі жоғары оқу орындары мен әлеуетті инвесторларға жедел заңгерлік, консультациялық және сараптамалық қолдау көрсетіледі.
Осындай жобалық кеңселер Астана, Шымкент және Ақтөбе қалаларында да ашылады.