Департамент басшысы су тасқынының алдын алу үшін жұртшылыққа төтенше жағдайлар қызметтері мен жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерінің ұсыныстарын орындау маңызды екенін ескертті. Азаматтар үй аймағын қардан уақытылы тазартып, инертті материалдарды және қаптарды дайындауы, жергілікті атқарушы органдар арқылы эвакуациялау пункттері мен оларға баратын жолдарды білуі тиіс. Үйлердің жанында орналасқан арықтар мен су өткізу құбырларын тазарту керек. Әсіресе, сең жүретін уақытта су қоймаларының қасында балаларды қараусыз қалдыруға болмайды.

Сонымен қатар Қ. Оразалин Ақтөбе облысының Қобда ауылын су алуына қатысты журналистің сауалына жауап берді. Оның сөзінше, су тасқынының болатыны туралы алдын ала облыстық төтенше жағдай департаменттерінің басшылары хабарлауға міндетті. Бұл ауылда болған жағдайға ауа райының күрт жылынып кетуі себеп болған, соның салдарынан елді мекендерге даладағы қар суы келе бастаған. Су деңгейі күрт көтерілген соң төтенше жағдайлар қызметтерінің күштері мен құралдары осы елді мекенге бағытталғанын айтты департамент басшысы.

«Қазір Қобдада 13 үйді су басты», - деді спикер.   

14-20 наурыз аралығында Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында 850 мың текше метрден астам су айдалды, инертті материал салынған 63 мыңға жуық қап қойылды.