Елімізде автомобиль жодарының жалпы ұзындығы 96 мың шақырымды құрайды. Оның ішінде 25 мың шақырым республикалық маңызы бар жолдар болса, 71 мыңы - жергілікті облыстық және аудандық маңызы бар жолдар.  

А. Беков республикалық маңызы бар жолдардың ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің қарауында екенін айтты. Мемлекеттік тапсырма шеңберінде бұл жолдарды дамыту және күтіп ұстау жұмыстарын ұйымдастыруды ұлттық оператор «Қазавтожол» ұлттық операторы жүзеге асырады. Облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарды, сондай-ақ көше-жол желісі жергілікті атқарушы органдардың қарауында.

«Өткен жылы республикалық желі бойынша 11,6 мың шақырым жол жұмыстармен қамтылды. Оның ішінде 4 мың шақырым құрылыс және реконструкциямен қамтылып, соның 1,2 мың шақырымында негізгі жұмыстар аяқталды. Күрделі және орташа жөндеумен 3 мың шақырым жол қамтылды, оның 679 шақырымында жұмыстар аяқталды», - деді спикер.

Жергілікті автожолдар желісінде барлық жөндеу түрімен 4600 шақырым жол қамтылған. Оның ішінде 3 мың шақырымы пайдалануға берілген.

«Жыл қорытындысы бойынша нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі республикалық желі бойынша 91%-ға, жергілікті желі бойынша 85%-ға дейін ұлғайтылды. Биыл құрылыс-монтаждау жұмыстары жалпы пайдаланылатын 11 мың шақырымнан астам автожолда жүргізілуде. Республикалық желі бойынша 3600 шақырымда құрылыс және реконструкциялау жұмыстары жалғастырылады. Соның 856 шақырымы қазір аяқталады. Күрделі және орташа жөндеумен 3400 шақырым жол қамтылады», - деді комитет басшысының орынбасары.

Биыл сондай-ақ жергілікті автожолдар желісінде жөндеудің барлық түрімен 4 мың шақырым жолды қамту жоспарланған. Соның 3 мың шақырымы аяқталған.

Комитеттің мәліметінше, жыл қорытындысы бойынша нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі республикалық желі бойынша 92%-ға, жергілікті желі бойынша 87%-ға дейін жеткізілетін болады.