Оның сөзінше, жұмыскерлердің құқықтарын қорғау мәселесі министрліктің ерекше бақылауында.
«Еңбек министрлігінің жанынан ел кәсіпорындарында еңбек тәуекелдеріне күнделікті мониторинг жүргізуді жүзеге асыру үшін Ахуалдық орталық жұмыс істейді. Қазіргі уақытта Ахуалдық орталық мониторингінде 112 кәсіпорын тұр. Ахуалдық орталықтың мониторингіне жұмыскерлерді босатуға жол берген, жалақы бойынша берешегі бар кәсіпорындар, сондай-ақ жұмыскерлердің еңбек қатынастары мәселесі бойынша ұжымдық шағымдар түскен кәсіпорындар енгізіледі», - деді спикер.
Жалақы бойынша берешектерге апта сайын мониторинг жүргізіледі. Биыл 24 наурыздағы жағдай бойынша республика бойынша 73 кәсіпорында 3009 жұмыскердің алдында 1,4 млрд теңге сомасында жалақы бойынша берешек бар. Оның ішінде ағымдағы және мерзімі өткен 31 кәсіпорында 652,4 млн теңге берешек бар. 42 банкрот және оңалту сатысындағы кәсіпорындарда 669 жұмыскер алдында 728,1 млн теңге берешек тұр.
«Жұмыскерлер алдындағы ең көп берешектер өңірлер бөлінісінде Маңғыстау облысында – 242 млн теңгені, Алматы қаласында – 235 млн теңгені және Абай облысында – 140 млн теңгені құрап отыр», - деді Т. Оспанқұлов.
Жыл басынан бері еңбек инспекторлары республиканың 241 кәсіпорнында 1,9 млрд теңгеден астам сомаға берешек анықтаған. Осы кәсіпорындардың басшыларына 241 ұйғарым беріліп, 31, 6 млн теңге сомасында әкімшілік айыппұл салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 1,3 млрд теңгеден астам берешегі төленген 8,1 астам жұмыскердің құқығы қорғалған.
Т. Оспанқұлов жұмыскерлердің алдында жалақы бойынша берешекті болдырмау мақсатында қабылданып жатқан шаралар туралы да айтып берді.
Биыл жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты комиссияның 13 облыстық және 78 қалалық және аудандық отырысын өткізді. Онда 30-дан астам проблемалық кәсіпорынның, оның ішінде берешегі бар да кәсіпорындардың басшылары тыңдалып, мәселелер көтерілген. Азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау жалақы бойынша берешекті өндіріп алу үшін және ақпарат алмасу мақсатында жұмыс Бас прокуратураның, еңбек, қаржы және әділет министрері бекіткен төртжақты бірлескен бұйрықтың шеңберінде жүргізіледі, деді Бас мемлекеттік еңбек инспекторы.