Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс беруші жұмыскерлерге тең еңбек үшін тең ақы төлеуді, сондай-ақ қандай да бір кемсітушілікке жол бермей, тең өндірістік тұрмыстық жағдайларды қамтамасыз етуге міндетті деп көрсетілген.
«Облыс прокурорлары мемлекеттік инспекторлармен бірлесіп 2022 жылы шетелдік жұмыс күшін тартатын 30-дан астам жұмыскері бар 64 кәсіпорында тексеру жұмыстарын жүргізді. Тексеру барысында еңбекақы төлеудегі теңгерімсіздіктің 179 жағдайы анықталды, мысалы, қазақстандық және шетелдік қызметкер арасындағы жалақы теңгерімсіздігі», - деді Т. Оспанқұлов.
Сонымен қатар, шетелдіктердің рұқсаттарда көзделмеген жұмыстарды орындауының 399 жағдайы анықталған. Мысалы, шетелдік қызметкердің берілген рұқсатқа немесе жасалған еңбек шартына сәйкес келмейтін мамандық бойынша жұмысты орындауы. Қазақстандықтарды қамту бөлігіндегі талаптарды сақтамаудың 210 жағдайы анықталса, шетелдіктердің білімінің олардың атқаратын лауазымдарына сәйкес келмеуінің 205 жағдайы нақтыланған.
«Анықталған бұзушылықтарды жою үшін 263 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға 64,3 млн теңге сомасына айыппұл салынды. Әкімдіктер шетелдік азаматтарға берілген 390 рұқсатты қайтарып алды», - деді спикер. Қазақстандықтардың шетелдік жұмыскерлермен бірдей жалақы алуы еңбек министрлігі тарапынан үздіксіз бақылауда екенін жеткізді бас мемлекеттік еңбек инспекторы журналистің сауалына жауап бере отырып.