«Қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және өндірістік жарақаттануды азайту ведомствоның негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы бес жылда өндірісте зардап шеккендердің саны 6,5%-ға, қаза тапқандар саны 8,4%-ға азайды. Биылғы жылдың 1 наурызына еліміздің кәсіпорындарында 187 адам зардап шекті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 13%-ға аз. Осы кезеңде 21 адам қаза тапты (34,4%-ға төмендеді). Соған қарамастан, жарақаттану деңгейі әлі де жоғары болып қалып отыр», - деді Бас мемлекеттік еңбек инспекторы.
Спикердің айтуынша, жарақаттанудың жоғары деңгейі бойынша Қарағанды, ШҚО, Түркістан, Қызылорда мен Абай облыстары көш бастап тұр. Бұл - өнеркәсіптік аймақтар.
Статистикаға сәйкес, 2021 жылы зерттелген 1 млн 600 мың қызметкердің 375 мыңы зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары бар өндірісте жұмыс істеді. Зиянды және қауіпті өндірістердің пайызы Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында да жоғары.
«Еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс беруші зиянды өндірістерде жұмыс істейтін қызметкерлерге кепілдіктер мен өтемақылар береді. Бұл жұмыс уақытының ұзақтығының қысқаруы, жыл сайынғы қосымша еңбек демалысы, еңбекақы мөлшерінің ұлғаюы және арнайы тамақ беру», - деді еңбек министрлігінің өкілі.
2021 жылы 681 мың қызметкер зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істегені үшін 167 млрд теңгеге өтемақы алды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 19%-ға көп.