Оның айтуынша, заң қабылданғаннан кейін биыл 3 наурызда арыздарды қабылдау басталды. Сол күннен бері кешегі күнге дейін ел тұрғындарынан 34 мың арыз келіп түскен.

«Ең көп арыз Түркістан облысынан келіп түскен - 5 400 арыз, ол бірінші орында тұр. Екінші орында Алматы облысы – 4 мыңға жуық арыз түсті. Үшінші, Алматы қаласы - 2 900 арыз. Осы барлық арыздарды қарау үшін ҚМ скоринг жүйесін дайындап электронды түрде іске асырып жатыр», - деді вице-министр.

Қазіргі таңда келіп түскен барлық арыздардың 94%-ы электронды түрде egov.kz үкімет порталы арқылы іске асырылды. Ал «E-Salyq Azamat» мобильді қосымшасы арқылы 6%-ы жүзеге асырылды. Қазір барлығы 100% электронды форматта жүргізіліп жатыр, деді спикер соттан тыс банкроттық жайлы арыздар туралы айта отырып.

Келіп түскен арыздарды қарау бойынша қорытынды, яғни оның қабылданатыны немесе қайтарылатыны туралы шешім 15 жұмыс күні ішінде шығарылады.

«Егер соттан тыс банкроттық болатын болса, осы қарыздардың банктерге, шағын қаржы ұйымдарына, коллекторлық агенттіктер алдындағы мөлшері тексеріледі. Ол 5,5 млн теңгені немесе 1600 АЕК-ті құрайды. Екіншіден, қарыздардың 12 ай ішінде төленген-төленбегенін тексереміз. Үшіншіден, арызданушының меншігінің бар-жоғын тексереміз. Ортақ меншігін, мүлігін қоса алғанда, меншік құқығының, мүлкінің болу-болмауы туралы мағлұматты қараймыз. Төртіншіден, банктер мен шағын қаржы ұйымдарының алдында реттеу рәсімдері өткізілді ме, соны қарастырамыз», - деді Е. Біржанов.

Егер арызданушы атаулы әлеуметтік көмекті 6 ай қатарынан алушы болса, 12 айлық мерзімге қарамай, арызы қабылданады. Егер 5 жыл бойы қарызы болса, сол азаматтың арыздарын тексеру рәсімдері жүргізіледі.