Вице-министр 2022 жылы ел бойынша соңғы он жылдағы рекордтық өнім жиналғанын айтты. Атап айтқанда, 22 млн тонна астық, дәнді және бұршақты дақылдар, соның ішінде 16,4 млн тонна бидай жиналған.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, биыл 1 наурыздағы жағдай бойынша бидайдың оң балансы 10,4 млн тоннаны құрады.

«Бидайдың осы көлемі еліміздің ішкі нарығының қажеттіліктеріне және белгілі көлемді экспортқа шығаруға толығымен жеткілікті. Қазіргі уақытта фермелерде және ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерде бидайды тиімді бағамен сатуға және егін жинаудың жаңа маусымына дейін бидай сақтауға арналған қоймаларды босатуға барлық мүмкіндік бар», - деді ол.

Бірақ спикердің айтуынша, соңғы жылдары қазақстандық бидай нарығы «сұр» импорттан, заңсыз әкелуден зардап шегуде. Әкелінген бидайдың транзиттік тарифі төленбей, жасырын экспорт түрінде Орта Азия елдеріне және Ауғанстанға жіберіледі. Салалық қауымдастықтардың мәліметі бойынша «сұр» импорт көлемі жылына 1,5-2 млн тоннаны құрайды. Ал сараптама талдаулары бойынша мемлекетке келетін жалпы шығын жылына 500 млн АҚШ долларына бағалануда.

«Жоғарыда айтылғандардың негізінде және бірнеше салалық қауымдастық пен одақтардан министрлікке келіп түскен өтініштер бойынша бұл сұрақ ведомствоаралық деңгейде жан-жақты қарастырылып, 10 сәуірден бастап ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен мерзімі алты айға дейін Қазақстан Республикасына автомобиль көлігімен бидай әкелуге тыйым салу енгізілді», - деді Е. Тасжүреков.

Ол қабылданған іс-шараның арқасында біріншіден, отандық бидай нарығын және ішкі бағасын тұрақтандыру мүмкін болатынына сенім білдірді. Одан бөлек, бұл шара өзге елдерден бидай тасымалдау кезінде салық заңнамасы шеңберінде жұмыс істеуде оң нәтижесін беретін болады.