Спикердің айтуынша, астықты автомобиль көлігімен әкелуге тыйым салу биыл 10 сәуірден бастап 6 ай мерзімге енгізіледі. Мұндай шектеу шаралары көрші елдерден бидайдың «сұр» импортын болдырмау үшін қабылданды. Бұл ретте барлық белгіленген салықтар мен алымдарды сақтай отырып, теміржол көлігімен бидай әкелуге ешқандай шектеу шаралары қойылмағанын есте ұстаған жөн.

Талдау көрсеткендей, астық «сұр схемалар» бойынша негізінен автокөлікпен әкелінеді.

«Біріншіден, бұл заңсыз және барлық қолданыстағы нормаларға қайшы келеді. Екіншіден, астықтың ішкі нарығын тұрақсыздандырады және оның экспорттық әлеуетін төмендетеді. Үшіншіден, бюджет шығындарына әкеп соғады, өйткені қосылған құн салығын төлеуден тікелей жалтару жүріп жатыр, сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының түсімдерінен шығынға әкеп соғады», - деді вице-министр.

Анықталған бұзушылықтарды жою үшін және қауымдастықтар мен одақтардың астықты қайта өңдеу жөніндегі бірнеше рет берген өтініштерінің негізінде ведомствоаралық комиссия жедел шара ретінде астықты автомобиль көлігімен әкелуге тыйым салуды енгізу туралы шешім қабылдады. Бұл сондай-ақ астық әкелу шекарасында бақылауды күшейтуге мүмкіндік беретінін айтты спикер.

«Аталған шаралар ішкі астық нарығындағы жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді тұқым материалымен қамтамасыз ету үшін тұқымдарды автокөлікпен жеткізуге рұқсат етіледі. Бұл жағдайда мұндай партияларға тұқым сапасы туралы тиісті куәліктер қоса берілуі тиіс», - деді спикер.

АШМ нақтылағандай, бұл норма елдің, оның ішінде ЕАЭО шеңберіндегі халықаралық міндеттемелеріне қайшы келмейді.