Спикердің айтуынша, талдау астық импортының «сұр» схемаларына негізінен елдің шекаралас аймақтары тартылғанын көрсетті. Ағымдағы маркетингтік жылы астық әкелу жағдайлары Павлодар, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында байқалған.
«Соңғы жылдары Павлодар облысы астықты заңсыз қабылдау және транзиттеу бойынша көш бастап тұр. Мәселен, Қаржылық мониторинг агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті 2021-2022 жылдар аралығында Өзбекстанға, Ауғанстанға және Тәжікстанға 1 млрд теңгеден астам сомаға 8.3 мың тонна контрабандалық астық экспорттаған бір ЖШС анықтады», - деді Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі.
Бұл ретте, жеңілдікті экспорттық тарифті алу мақсатында қазақстандық компания отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің, шаруа қожалықтарының астықтың отандық шығу тегін растайтыны тәрізді жалған шот-фактураларын пайдаланған. Бұл аталған ЖШС-ға транзиттік тарифтен жалтаруға және ҚТЖ «Қазақстандық жүк тасымалы» ЖШС-іне 150 млн теңгеге жуық шығын келтіруіне жол берген.
Ал Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары тарихи тұрғыдан алғанда астықты өлке болып саналмайды. Осы аймақтарда жиналған өнім әрқашан өз қажеттіліктері, соның ішінде тұқым ретінде пайдалану үшін қалдырылды. Жетіспейтін көлемдері елдің солтүстік аймақтарынан сатып алынады. Алайда, нарық қатысушыларынан түскен ақпаратқа сәйкес, жоғарыда аталған өңірлерде кенеттен «экспорттық әлеует» пайда болып, олар басқа өңірлерге астық жеткізу бойынша донорға айналған, деді спикер.
Әрине, бұл фактілердің барлығы көрші елдерден астық импортының «сұр» схемаларының орын алғанын көрсетеді.
«3,5 млн тонна көлемінде астық пен ұн экспортын, сондай-ақ 3,6 млн тонна шегіндегі ішкі тұтынуды ескере отырып, Қазақстанда биыл 1 қыркүйекке дейін 3,8 млн тонна көлемінде астықтың ауқымды ауыспалы қоры қалуы ықтимал», - деді Е.Тасжүреков.
Бұл ретте, әкімдіктердің ақпараты бойынша, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды егудің болжамды ауданы 16,2 млн га құрайды. Бұл алқап көлемі ішкі нарықты, сондай-ақ дәнді дақылдарды дәстүрлі көлемде экспорттауды қамтамасыз ету үшін жеткілікті.
«Осылайша, шұғыл шаралар қабылданбаған жағдайда астықтың көп мөлшерінің отандық бизнес үшін салдары болуы мүмкін», - деп түйіндеді спикер.