Тараптар сауда-экономикалық қатынастарды дамыту әлеуетін, атап айтқанда, шикізаттық емес тауарлар мен қызметтерді ілгерілетуді талқылады.
Серік Жұманғарин атап айтқандай, өткен жылы Қазақстан мен Саха Республикасы арасындағы сауда-саттықта айтарлықтай өсім байқалды. Тауар айналымы 55 есеге жуық өсіп, $77,9 млн-ға жетті. Сонымен қатар қазақстандық экспортпен бірге, Якутиядан келетін импорт көлемі де артты.
«Өткен жылы біз Саха Республикасына жаңа өнеркәсіп өнімдерін жеткізуді ұйымдастыра алдық. Сонымен қатар Қазақстанның Ресейге өңделген өнімнің 180 атауы бойынша шамамен $1 млрд сомасына экспортты ұлғайту мүмкіндігі бар. Біз сіздердің нарықтағы қажеттіліктеріңіз бен керекті жеткізілімдерді пысықтауға дайынбыз», — деп атап өтті вице-премьер.
Қазақстан «реверсті» сауда-экономикалық миссияларды өткізу тәжірибесін табысты қолданады. Мұндай іскерлік іс-шаралар екі елдің бизнес мүмкіндіктерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді, сондай-ақ ұзақ мерзімді сауда-экономикалық байланыстарды орнатуға ықпал етеді. Тек соңғы екі жылда ҚР Сауда және интеграция министрлігі «QazTrade»-пен бірлесіп Мәскеу, Қазан және Екатеринбург қалаларына сауда миссияларын ұйымдастырды.
«Біздің кәсіпкерлер Якутия туралы аз біледі, олар үшін бұл бағытты ашу керек. Біз нарықпен танысу үшін Қазақстан Республикасының Саха Республикасына сауда-экономикалық миссиясын өткізу мүмкіндігін қарастыруға дайынбыз», — деді Серік Жұманғарин.
Сауда-экономикалық қатынастарды дамытуда қолжетімді логистика мен дамыған инфрақұрылым маңызды рөл атқарады. Қазір Қазақстан трансшекаралық хабтарды дамытудың бірыңғай стратегиясын әзірлеуде. Хабтар тұжырымдамасы бес шекара маңы сауда-саттық, көлік, логистика және өнеркәсіптік ынтымақтастық орталықтарының желісін қамтиды. Осыған байланысты вице-премьер якут кәсіпкерлерін аталған жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
Өз кезегінде Саха Республикасы делегациясының өкілдері Қазақстанмен бірлескен кәсіпорындар құруға үлкен қызығушылық танытты. Кирилл Бычковтың пікірінше, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың көптеген перспективалы бағыттары бар.
«Бүгінгі кездесу біз үшін өте маңызды, өйткені ол негізінен біздің республика басшысының биылғы қаңтарда Қазақстанға жасаған сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жалғастыруда. Біз Қазақстанмен бірлескен бизнесті дамытуға дайынбыз. Біз Қазақстанда ветеринариялық вакцина өндіруді ұсына аламыз, сондай-ақ салаларды цифрландыру, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жобаларды жүзеге асыра аламыз. Бізде энергия тиімділігін арттыру бойынша тәжірибие мен технологиялар жинақталған және біз олармен бөлісуге дайынбыз», — деді Саха Республикасы делегациясының басшысы.
Әлеуетті әріптестер Якутиядан келетін отын-энергетикалық өнімдердің, зергерлік бұйымдардың, экологиялық таза азық-түлік өнімдерінің экспортын, сондай-ақ Қазақстаннан өнеркәсіп өнімдері, түрлі жабдықтар мен азық-түліктің импортын ұлғайту есебінен бірлескен жұмысты жандандыру мүмкіндіктерін көріп отыр.
Бүгінде якут импортының негізін асыл металдар, өңдеу өнеркәсібіне арналған құрал-жабдықтар және вакциналар құрайды. Қазақстан экспортқа машиналар мен құрылғылардың бөлшектерін, электр қозғалтқыштары мен генераторларын, радиаторларды, қара металдардан жасалған ауа жылытқыштарын, ақпаратты өңдеу машиналарына арналған бөлшектер мен керек-жарақтарды, спортқа арналған жабдықтарды, электрондық интегралдық схемаларды және т. б. экспорттайды.