Бүгінгі таңда көптеген мемлекеттік органдардың қызметтері электронды форматқа ауысып жатыр. Бұл біздің қызмет алушылардың қызмет алуға жұмсалатын уақытын, қаражатын, басқа да шығындарын үнемдеуге мүмкіндік береді, деді спикер. Оның сөзінше, бұл жалпы мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік ұжымдардың және жеке сектордың соңғы 17 жылда электронды үкіметтің дамуына тікелей атсалысуының нәтижесі. Олардың қатарында Еңбек және халықыт әлеуметтік қорғау министрлігі де бар.

Бүгінгі күні халыққа еңбек және әлеуметтік саладағы мемлекеттік қызметтердің бірнеше түрі цифрлық форматта көрсетіледі. Атап айтқанда, бұл салада адам туғаннан бастап өмірден озғанға дейін 45 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. Соның 43-ін немесе 95%-ын тек қана электронды форматта алуға мүмкіндік бар.

«2022 жылдың қорытындысы бойынша министрлік тарапынан 13,8 млн қызмет көрсетілген, соның 11,2 млн электронды форматта көрсетілген. Қазіргі кезде халыққа қызмет көрсетудің жаңа тренді бар - бұл проактивті форматта қызмет көрсету. Бүгінде 45 мемлекеттік қызметтің 23 түрі проактивті форматқа ауысқан. Былтыр 1,1 млн азамат өздеріне керекті жәрдемақыны проактивті түрде ала алған. Ол сол қызмет алушылар ешқандай мемлекеттік органға болмаса халыққа қызмет көрсету орталығына, әкімдіктерге жүгінбестен, үйлерінде СМС-хабарламаға жауап бере отырып, өздеріне қажетті қызметті алған», - деді Е. Оспанов.   

Бұл бағыттағы жұмыс әрі қарай жалғасуда. Сонымен қатар, 2023 жылы ЕХӘҚМ бірнеше қызметті проактивті форматқа ауыстыруды және олардың көлемін арттыруды жоспарлап отыр.

Вице-министр Отбасының цифрлық картасы бірегей жобасы туралы да айтты. Ол халықтың мемлекеттік қызмет алу форматын өтініштен проактивті  форматқа ауыстыруды көздейді. Яғни, әрбір азамат үшін мәртебесіне қарай мемлекеттен кепілдендірілген жәрдемақы қызметтері болатын болса, солар азаматтарға ұсынылады. Жоба аясында мемлекеттік қызметтерді көрсету процестерін автоматты түрге ауыстыру, адами факторларды жою қарастырылған.

«Екіншіден, қызмет көрсету уақытын бір күнге дейін қысқарту көзделеді. Соның аясында шешімді тек қана ақпараттық жүйелер қабылдайтын болады, адами фактор жойылады», - деді спикер.