Қалдықтарды басқарудағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Мансұр Ошурбаевтың айтуынша, 2021 жылдан бері алты қоқыс жағатын зауыт салу мәселесі қаралуда. Қазіргі уақытта тендерді жеңіп алған компанияның жобаны іске асыруды тоқтата тұру туралы тілек білдіруіне байланысты жоба тоқтатылды. Мәселе жалпы тариф бойынша пысықталуда, өйткені бұл механизм жұртшылық пен белгілі бір ұйымдардың мүдделеріне әсер етті.

«Қоқысты жағу негізгі механизм болып табылмайды. Біз бұл бағытты басқалармен бірге пысықтап жатырмыз. Уақыт бір орында тұрмайды, жаңа технологиялар пайда болуда. Бүгінгі таңда басқа технологиялармен ЕО елдерінің әлеуетті инвесторлары біздің проблемаларымызға қызығушылық танытуда. Пилоттық жобаны үш түрлі технологиямен үш түрлі өңірде жүргізетін шығармыз. Қайсысы тиімді болса, соны қабылдаймыз», - деді спикер.

Журналистердің медициналық және басқа да қауіпті қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі туралы сұрағына ҚР ЭТРМ Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының м.а. Айдар Абдуалиев жаңа Экологиялық кодекстің 336-бабында онымен айналысатын кәсіпкерлердің лицензиялары болуы тиіс екені қарастырылғанын атап өтті. Комитет басшысының міндетін атқарушының айтуынша, бүгінгі күні қауіпті қалдықтарды қайта өңдеуге, кәдеге жаратуға және жоюға 163 лицензия, медициналық қалдықтарды қайта өңдеу бойынша 80-ге жуық лицензия берілді.

Экологтардың айтуынша, қоршаған ортаны осы қалдықтармен ластау жағдайлары расталса, министрліктің лицензияны қайтарып алу функциясы бар.