Қазіргі кезде мүгедек жандарды жұмыспен қамту үш бағытта іске асырылуда. Бірінші – жұмыс орындарын квоталау тетігі. Яғни, мүгедек адамдар үшін жұмыс орындарының саны 2,4%-ға дейін жұмыс орындарына квота белгіленеді.  

«2022 жылы 12,2 мың мүгедек адам квота шеңберінде жұмыс орындарына орналастырылды. Екінші, ерекше қажеттілігі бар тұлғалар үшін арнайы жұмыс орындарын құру. Бұл тетік 2018 жылдан бастап халықаралық тәжірибе негізінде іске асырылуда», - деді вице-министр.

Ол мүгедек жандар үшін жұмыс орындары жабдықталып, жұмыс орнын құрған жұмыс берушінің шығындары өтелетінін айтты. Аталған тетік қайта қаралып, күшейтілген. Биылдан бастап жұмыс берушілердің шығындары 1 млн теңге мөлшерінде өтеледі.

Оған қоса, жұмыс орындарына алынатын мүгедек адамдардың жалақысы үш жылдың ішінде мемлекет тарапынан субсидияланады. Бірінші жылы жалақының 70%-ы, екінші жылы - 65%-ы, үшінші жылы мемлекеттен болады.  

Үшінші - Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы шеңберінде шаралармен қамту. Ұлттық жоба аясында біліктілікті арттыру, кәсіпкерлікпен айналысу және субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыру шаралары іске асырылуда.

«Бүгінгі күні ұлттық жоба шеңберінде 13 мыңнан астам мүгедек адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтылды. Атап айтсам, жұмыс берушінің тапсырысы бойынша қысқа мерзімді, сондай-ақ онлайн курстар да бар», - деді О. Ордабаев.

Сонымен қатар, биыл грант беру тетігі де қайта қаралды. Оның ішінде халықтың осал топтарына, атап айтқанда, мүгедек жандар үшін, мүгедек балалары бар ата-аналарға басымдық беріледі. Өтінімдер enbek.kz сайтына онлайн түрде жіберіледі. Ерекше қажеттілігі бар тұлғаларға айтылған гранттар қолжетімді.

«Оған қосымша, жеке ісін ашу үшін 481 адам және 286 мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-ана грант алды. Бұдан бөлек, 1200 мүгедек адам тұрақты жұмысқа және 5,9 мың адам субсидияланатын жұмыс орындарына орналастырылды», - деп түйіндеді ол.