Жыл сайын елімізде өрт қаупі кезеңінде мыңға жуық орман және дала өрттері, сондай-ақ халықтың мүлкіне және табиғатқа қауіп төндіретін 4 мыңға жуық табиғи жану тіркеліп келеді. 

«Өткен жылы еліміздің орман қорында 801 өрт тіркеліп, өрттен жойылған алқап 103 мың га құрады. Орман өрттерінің ең көп саны Абай облысында – 263 жағдай, Павлодар облысында – 150, Шығыс Қазақстан облысында – 77, Ақмола облысында – 72, Қостанай облысында 57 өрт оқиғасы орын алды. 2022 жылы 111 орман өрті тіркеліп, өрттің ауданы 55 мың га болды. Бұл ретте екі адам қаза тауып, үшеуі жарақат алды, 500 бас мал өртеніп кетті», – деді табиғи апаттың зардабы туралы деректерді келтірген төтенше жағдай басшысы. 

Өрттің экологияға келтірген зиянынан басқа, малдың жем-шөп базасы жойылып, дала өрттері елді мекендердегі орман қорына және егіс алқабына нақты қауіп төндірген. Мәселен, 2022 жылы елді мекендердің аумағынан табиғи өрт жағдайының 17 жағдайы тіркелді. 

«Өткен жылдың өрт қауіпті кезеңінде ормандарда өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзудың ықтимал теріс салдары ауырлығын көрсетті. Өздеріңіз білетіндей, Қостанай облысында 2022 жылы 2 қыркүйекте Басаман және Семиозерный орман шаруашылықтары аумағында болған ірі табиғи өрт қайғылы мысал болды. Нәтижесінде 1 адам қаза тауып, 91 тұрғын үй өрттен жойылды», - деді Н. Дербісов.

Өрттен келтірілген залал 18 млрд теңгеден асты және бір жыл ішінде орман өрттерінің жалпы залалының 91 пайызын құраған. Өрттен өткен алаң 39 мың га астам немесе шаруашылық алаңының үштен бірін құрап келді. 

«Қазақстан аумағында табиғи өрттердің салдарынан үш рет төтенше жағдай жарияланды. Табиғи өрттердің көбеюінің негізгі себептерінің бірі - жауын-шашын тапшылығы, ерте көктемде және 2020 жылмен салыстырғанда орташа тәуліктік температураның жоғарылауында көрсетілген ауа райы жағдайлары болды», - деді төтенше жағдай саласының өкілі.

Оның айтуынша, елімізде жоғары өрт қаупі биыл да сақталады. Өйткені «Қазгидрометтің» болжамды деректері бойынша алдағы өрт қауіпті кезеңінде ауа температурасы елімізде орта есеппен +25 С дейін, ал республиканың оңтүстік, шығыс және батыс бөлігінде +30 С дейін жоғарылайды, құрғақшылықпен және жауын-шашын тапшылығымен сипатталады. Мұның бәрі, әрине, орман қорындағы өрт қаупінің едәуір
артатындығын көрсетеді, деп түйіндеді спикер.