Көші-қон саясатын іске асыру - тығыз ведомствоаралық қарым-қатынастардың нәтижесі екенін айтты ол. Бұл жоғары үйлестіруді қажет ететін жұмыс.  

Іс жүзінде көші-қон саясаты төрт мемлекеттік орган – Ішкі істер, Сыртқы істер, Еңбек министрліктері, ҰҚК-нің Шекара қызметі мен жергілікті атқарушы органдардың тығыз қарым-қатынасының арқасында іске асырылатын жұмыс.  

«Мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ЕХӘҚМ-ге көші-қон саласының қосымша 22 функциясын беру арқылы Көші-қон комитеті құрылған болатын. Осы ретте ҚР Президентінің тапсырмасы шеңберінде Еңбек министрлігі көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірледі, ол 2022 жылдың 30 қарашасында Үкімет қаулысымен бекітілген болатын», - деді І. Испанов.  

Тұжырымдамаға сәйкес, еліміздің көші-қон саласын реттеу және экономикалық дамуын кадрлық жағынан қамтамасыз ету көзделген. Оның аясында басты үш бағытқа көңіл бөлінген. Бірінші – елімізге білікті кадрлардың келуін ынталандыру; екінші – шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқықтарын қорғау; үшінші – өңіраралық демографиялық теңсіздікті жою.  

Елімізде тапшы, сырттан жиі шақырылатын мамандарды елге шақыру үшін және олардың жұмысын реттеу үшін биыл 20 қазанда еңбек министрінің №49 бұйрығына сәйкес, шетелден келетін азаматтардың тұрақты түрде тұруға рұқсат алуы үшін сұранысқа ие кәсіптердің тізбесі бекітілген. Тізбеде денсаулық сақтау, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, инженерия, ғылым және басқа да салалар бойынша 21 кәсіп тізімі қамтылған.  

«Мақсатымыз – көрші елдерден, соның ішінде тіркеусіз, бейресми арналар арқылы келіп жатқан еңбек мигранттарының қозғалысын есепке алу. 2023 жылы шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота 22 260 бірлік болып бекітілді. Бұл Қазақстанның еңбек нарығын шектеу амалдарының бірі. Осы жылы 1 сәуірдегі жағдай бойынша елімізде 14 400 шетелдік жұмыс істейді. Оның ішінде биыл рұқсат алғаны - 3790 адам», - деді комитет төрағасының міндетін атқарушы.  

Ол сонымен қатар Мемлекет басшысының елге тартылатын инвестиция көлемін арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Инвестиция тарту үшін әлемде бәсекелестік жылдан-жылға артуда. Инвестициялық визаларды беру және оны беруді жеңілдету үшін елімізге 300 мың доллардан артық инвестиция салған азаматтарға жаңа бизнес-иммигрант визасы беріледі. Ондай визаны алған азаматтарға қосымша 10 жылға дейін тұрақты тұруға ықтиярхат беру мәселесі қаралып, іске қосылып жатыр. Өйткені, инвестиция алып келген азаматтар жаңа жұмыс орындарын ашады, бюджетке төленетін салық көлемін ұлғайтады.