Министр өзінің кіріспе сөзінде денсаулық сақтауды дамытудың бірнеше басым бағыттарын атап өтті, бұл медициналық-санитариялық алғашқы қызмет (МСАК) ұйымдарында медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету және қамтуды кеңейту, ауылдық медицинаны дамыту, ана мен бала денсаулығын сақтау, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жақсарту болып табылады.
«Біз Мемлекет басшысының халыққа медициналық көмек көрсетудің тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмалары шеңберінде кешенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Нәтижесінде ел бойынша денсаулық сақтаудың негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштерінің оң динамикасы байқалады. Алматы облысы бойынша жағдай келесідей: халықтың жалпы өлімі 13%-ға төмендеді. Сондай-ақ қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлімнің көрсеткіші 26%-ға, обыр - 5%-ға, тыныс алу ағзаларының ауруларынан болатын өлім 43%-ға, ал туберкулезден болатын өлім 25%-ға төмендеді», - деп атап өтті Ажар Ғиният халықпен кездесуде.
Денсаулық сақтау жүйесіндегі негізгі буын – алғашқы медициналық-санитариялық көмек. Бұл – халыққа барлық медициналық көмекті үйлестіруге арналған қызмет.
Министр ауылдық денсаулық сақтауды дамытудың басымдығын атап өтіп, ауыл тұрғындары үшін профилактикалық қарап-тексерулерді енгізу туралы айтты.
«Алматы облысының 125 мыңнан астам ауыл тұрғыны зерттеліп-қаралды, 6 мыңға жуық адам динамикалық бақылауға алынды, оларда жоғары қан қысымы, қант диабеті, бүйрек патологиясы белгілері байқалды», – деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.
Оның айтуынша, 2023 жылы ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 655 МСАК объектісінің құрылысы қамтамасыз етілетінін, оның ішінде 38 объекті Алматы облысында салынады.
Инсульт, инфаркт, жарақат және басқа жағдайларда шұғыл медициналық көмек көрсетудің жеделдігі мен қағидатын ұстана отырып, жоғары технологиялық медициналық жабдықтармен, оның ішінде 32 ауданаралық емхананың телемедицинасымен реконструкциялау және жарақтандыру қамтамасыз етіледі. Бұл пациенттерді қажетті медициналық тексеру мен ем алу үшін қалаларға бару қажеттілігінен арылту. Алматы облысында, атап айтқанда, Қарасай ауданында екі ауданаралық орталық аурухана құру жоспарланған.
Мамандандырылған кардиохирургиялық және кардиологиялық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін Қазақстанда 2022-2023 жылдарға арналған қанайналым жүйесінің аурулары кезінде медициналық көмек көрсетуді жетілдіру жөніндегі жол картасы бекітілді және іске асырылуда.
ҚР ДСМ ақпараты бойынша, республикада 75 инсульт орталығы жұмыс істейді, оның 4-і 2022 жылы ашылған, 41-і жедел коронарлық синдромы бар науқастарға көмек көрсету үшін тері арқылы коронарлық араласу орталығы.
«Алматы облысында 11 инсульт орталығы мен 4 ТКА орталығы жұмыс істейді. 2023 жылы 2 инсульт орталығы мен 3 ТКА-орталық ашу жоспарланған», - деді ведомство басшысы.
Денсаулық сақтауды қаржыландыру мәселесіне қатысты ол 2022 жылы МӘМС пакетінде медициналық көмекті қаржыландыру 25%-ға өскенін атап өтті.
2023 жылғы 1 қаңтарға МӘМС жүйесіндегі сақтандырылған адамдардың саны 16,3 млн.адамды немесе ел халқының 82,5%-ын құрайды. Алматы облысында 1 млн 142 мың адам немесе 75,8% МӘМС жүйесінде сақтандырылған.
Бұл ретте қосымша қаржы қаражаты бұрын қаржыландыру тапшылығын бастан өткерген бағыттарды дамытуға бағытталған, сондықтан профилактикалық қарап-тексерулерді қаржыландыру көлемі 2 есеге, медициналық консультациялық-диагностикалық қызметтер мен оңалтуды 1,5 есеге, стационарлық көмек 1,2 есеге, жоғары технологиялық медициналық көмек 2,2 есеге ұлғайды.
Министрмен кездесу барысында өңір тұрғындары учаскелік дәрігер арқылы арнайы мамандарға қолжетімділік, жаңа балалар емханасын салу мерзімі, аутизм спектрі бұзылған балаларға арналған медициналық көмек мәселелері туралы түрлі сұрақтар қойды.
Азаматтарды жеке қабылдауда ведомство басшысына дәріхананың бөлшек сауда желісіндегі бағаларды реттеу және дәрілік нарықты бақылау, МӘМС жүйесі есебінен зейнеткерлерге стоматологиялық көмек алу мүмкіндігі туралы бірқатар өтініштер жіберілді.
А. Ғиният өңір тұрғынының әрбір өтінішіне толық түсініктеме беріп, бірқатар мәселелерді жеке бақылауға алып, ведомствоның бейінді департаменттеріне шешімдерді пысықтауды тапсырды.