Отырыста мемлекеттік сатып алу, өзара сауда, техникалық және кедендік реттеу, өнеркәсіп, энергетика, халықаралық ынтымақтастық салаларындағы 35-тен астам мәселе қаралды. Қазақстандық делегацияны Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин басқарды.

Қазақстандық жеткізушілерге ЕАЭО елдерінің өнеркәсіптік тауарларын мемлекеттік сатып алуға, оның ішінде СТ-1 сертификатын ұсыну арқылы кедергісіз қатысуға мүмкіндік беретін бірқатар құжаттарға өзгерістер енгізілді. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден тауарлардың шығу тегін айқындайтын өндірістік және технологиялық операцияларды жүргізу шарттарының тізбесі арнайы машина жасау, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен мұнай-газ машина жасау тауарларына қатысты 38 позициямен толықтырылды. Сонымен қатар мұндай шарттар қарастырылмаған 174 тауар бойынша ЕЭК кеңесінің мүшелері ТМД аумағында тауардың шығарылған елін айқындау қағидаларында көзделген тауарларды жеткілікті қайта өңдеу өлшемдерін қолдану туралы шешім қабылдады.  Бұл түзетулер ЕАЭО елдерінің мемлекеттік сатып алу шеңберінде сатып алынатын тауарларға өндірістік және технологиялық операцияларды жүргізу үшін ұлттық шарттарды қолдану тәжірибесін алып тастауға мүмкіндік береді.

Ветеринариялық бақылау саласындағы сауда кедергілерін теңестіру үшін Кеңес мүшелері 2019 жылдан бері Одақ алаңында талқыланып келе жатқан мәселе бойынша біртұтас шешімге келді. Енді қатысушылар жануарлардан алынатын азық-түлік өнімдерінде атауы жоқ ветеринариялық дәрілік заттар қалдығының құрамын тек тамақ өнімдерінің техникалық регламентіне стандарттардың бірыңғай тізбесіне енгізілген зерттеу әдістерімен ғана бақылауды ұйғарды. Бұл ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің басқа елдерде аттестатталмаған келісілмеген зерттеу әдістері арқылы сауда кедергілерін енгізу тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Одаққа мүше елдердің бірлескен өнеркәсіптік кооперациялық жобаларын іске асыруға қаржылық көмек көрсету тәсілдері мақұлданды.  Шешім жобасында қаржылық көмек ЕАЭО бюджеті есебінен халықаралық және ұлттық қаржы ұйымдары беретін несиелер мен қарыздар бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау түрінде көрсетілетін болады. Құжат ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшыларының қол қоюына Жоғарғы кеңес отырысында ұсынылады.

ЕЭК Кеңесінің келесі отырысы 2023 жылғы 19 мамырда өтеді.