Оның айтуынша, Қазақстан шахмат федерациясы «Мектептегі шахмат» бағдарламасын ұсынып, өткен жылы Мемлекет басшысымен оны мектеп бағдарламасына 1-4 сыныптарда факультативті пән ретінде енгізу туралы келіскен.
«Бұл нақты, тексерілген дайындықты қажет ететін күрделі міндет. Бағдарлама жалпы білім беретін мектептерді қамтитындықтан, барлық талаптар мен стандарттарды сақтау қажет», - деді Дәрмен Сәдуақасов.
Айта кетейік, бұл жұмыс 2017-2020 жылдары жүргізілді. Қазақстан шахмат федерациясы Павлодар облысының, Шымкент және Түркістанда 30-дан астам мектепте шахмат пилоттық жоба ретінде енгізіле бастады. Апробацияның үш жылында шахматтың балалардың оқу үлгеріміне, олардың қабілеттерін дамытуға оң әсері бар екені анықталды.
«Ғылым, Оқу-ағарту, Мәдениет және спорт министрліктерінің қолдауымен біз шахматтан мұғалімдер, жаттықтырушылар даярлау мәселелерін талқыладық. Қазіргі бастауыш сынып және пән мұғалімдері біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, қосымша шахмат оқытушылары бола алады. Сонымен қатар, педагогикалық жоғары оқу орындары аясында шахмат мұғалімдерінің жаңа буынын дайындау мәселесін көтеріп жатырмыз. Мәселе халықаралық сарапшылармен пысықталуда. Біз жекелеген өңірлердегі пилоттық жобалардан бастауды, ал оң нәтижелерге қол жеткізген кезде тәжірибені бүкіл ел бойынша кеңейтуді жоспарлап отырмыз», – деді Шахмат федерациясының вице-президенті. Бұл ретте оқытушы кадрларды даярлауға баса назар аударылатын болады.
Қазақстанда шахматты дәріптеу мәселесіне қатысты спикер Мәдениет және спорт министрлігінің көрсеткіштерін келтірді: бүгінде елімізде «Арт-спорт» бағдарламасы бойынша 211 мыңнан астам бала шахматпен айналысады.
Елімізде шахмат танымал, ол сыни ойлауды, логиканы, зейін қоюды, есте сақтауды қалыптастырады. Яғни, шахмат әлеуметтік желілер, «клиптік ойлау» түріндегі заманауи ақпараттық сын-қатерлерге ден қою болып табылады, деп қорытындылады Д.Сәдуақасов.