«FIDE «Chess in education» комиссиясының аға кеңесшісі Леонче Гарсианың (Испания) айтуынша, шахмат 21-ші ғасырдың ландшафтысына сай келеді.
Шахматтың құндылығы Қазақстандағы, Даниядағы, Испаниядағы және басқа елдердегі ғылыми зерттеулермен расталды.
Оқу барысында шахматты үйренген оқушылардың интеллектісі жоғары екендігі байқалды.. Олардың математика, логика және басқа пәндердегі оқу үлгерімі жақсы. Гарвардтың әйгілі ғалымдарының зерттеулеріне сәйкес, адамда 8 санаттағы интеллект болады, олардың жетеуінің дамуына шахмат ықпал етеді.
Шахмат ойнау арқылы балалардың ақыл-ойы қарқынды дамиды, олар аз уақыт ішінде жылдам шешім қабылдайды. Бұл ретте шахматты енгізу үшін мектеп бағдарламасынан ешбір пәнді алып тастау талап етілмейді.
Шахматты математика, геометрия, алгебра, арифметика сияқты пәнаралық пәндермен біріктіруге болады. Оларды ағылшын тілінде оқыта отырып, «бір оқпен екі қоянды атып алуға болады» - шахматты, сонымен бірге ағылшын тілін үйретуге болады, дейді сарапшы. Яғни, «ойнай отырып үйренеміз, үйрене отырып ойнаймыз» деген қағиданы жүзеге асыруға болады.
«Зерттеушілердің пайымдауынша, алдағы 25 жылда әлем әлдеқайда қарқынды өзгереді. Қазіргі балалардың жартысынан көбі бүгінде жоқ мамандықтар бойынша жұмыс істейтін болады. Сондықтан ойлау икемділігі – бұл аса қажет дағдылардың бірі», – деді ФИДЕ комиссиясының аға кеңесшісі.
Оның айтуынша, ол 30 елде 13 мың мектеп мұғаліміне шахматтан сабақ берген. Оқыту мен оның нәтижелеріне қанағаттану көрсеткіші 80-90% құрайды.
FIDE «Chess in education» комиссиясының хатшысы Рита Аткинс (Венгрия) атап өткендей, бүгінде әлемде 25 млн оқушы шахматты үйренуде. ФИДЕ алдағы екі жылда бұл көрсеткішті екі есеге арттыруды жоспарлап отыр. Ол сондай-ақ білім беру мен спорттық шахматтың басты айырмашылығын атап өтті. Спорт – жекелеген балаларға, ал білім беру – барлығына арналған.