Спикердің айтуынша, жауынгерлік дайындық, әскерлерді даярлаудың негізгі түрі болып табылады. Қазіргі шынайылық әскерлерді даярлауды қайта қарау қажеттілігін талап етеді.

«Бүгінгі таңда әскерлерді даярлауға әсер ететін басты шарт - қарсылас тараптардың іс-қимылдарының гибридтігі, жағдайдың күрт өзгеруі, әскерлерді басқаруды орталықсыздандыру қажеттілігі», - деді Құрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасары.

Оның пікірінше, әскерлерді дайындаудағы жаңа талаптар штабтардың шешім қабылдаудағы жеделдігі, бөлімшелердің ұтқырлығы мен дербестігі, орындалатын міндеттер спектрін ұлғайту, жаңа технологиялар мен коммуникация құралдарын енгізу болып табылады.

Қазіргі қауіп-қатерлерге барабар ден қою үшін Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы жауынгерлік даярлықты ұйымдастыру кезінде шаралар мен жаңа тәсілдер кешенін қабылдауда. Жауынгерлер мен командирлерге қажетті барлық дағдылар оқу-жаттығулар, сабақтар, жаттығулар барысында пысықталады.

«Жауынгерлік даярлық бағдарламалары қайта өңделді, жарты жылдық циклмен оқытудың жаңа бірізділігіне көшу жүзеге асырылды», - деді генерал-майор.

Оның айтуынша, мамандарды даярлаумен Құрлық әскерлерінің оқу орталықтары айналысады. Офицерлер мен сержанттарды Құрлық әскерлерінің әскери институттары, әскери колледж, Ұлттық қорғаныс университеті, сондай-ақ шетелдік әскери ЖОО-лар дайындайды.

Генерал-майор атап өткендей, ҚР Қарулы күштерінің басшылығы әскерлерді тренажерлармен және басқа да полигондық жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар қабылдауда.

«Құрлық әскерлерінде жауынгерлік дайындық тиісті кәсіби деңгейде жүргізіледі және ол мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты міндетін орындауға бағытталған», – деп қорытындылады Қаныш Әбубәкіров.