Қазіргі таңда «Aqyl Battle» қосымшасын шамамен 600 мыңға жуық адам жүктеп үлгерген. Қосымшадағы сұрақтардың да санаттары үнемі көбейіп отырады. Депутаттың айтуынша, ол жерде қазіргі таңда 12-15 мың аралығында сұрақ жиналған.
«Барлығы қазақ тіліндегі сұрақтар. Негізгі қойылатын бағыт-бағдар – ол өзіміздің тіліміз, мәдениетіміз, ұлттық рухани құндылығымыз, сонымен қатар технология, ІТ саласы. Соңғы уақытта мен де бұл ойынды ойнап тұрамын. Бұл жерде жол ережелеріне де қатысты сұрақтар бар. Яғни, мұның барлығы қазіргі таңда жастарды онлайн форматта жинап, бір-бірімен тілдесуіне мүмкіндік тудырып отыр», - деді Д. Мұқаев.
Ол мұндай ойындарды міндетті түрде қолдайтынын айтты. Себебі қазіргі уақытта еліміздің интеллектуалды элитасы қалыптасуға тиіс, зияткер ұрпақ тәрбиеленуі керек.
«Бұл ойынның статистикасын қарайтын болсақ, үлкен адамдар азырақ ойнайды екен. Сәйкесінше, 14-35 жас аралығындағы жастар өте көп ойнайды. Соның ішінде мектеп оқушылары және студенттер өте көп. Себебі, кейбір сұрақтар ҰБТ форматына келеді. Сондықтан бұл кәдімгі ауқымды жоба ретінде қазақ тілді ІТ саласына да үлкен жаңалық алып келді», - деді депутат.
Бұл ойынды онлайн форматта тұрақты түрде күн сайын 110 мың адам ойнап отыр. Сұрақтары да әр адамның өзінің таңдауына байланысты түрлі санатта.
«Бұл жерде жазу сауаттылығы деген де тақырыпты қойғанбыз. Орфографиялық нормалар сол сұрақтар деңгейінде қосылған, бұл халықтың жазу сауаттылығының артуына септігін тигізіп отыр», - деді Д. Мұқаев.
Оның айтуынша, «Aqyl Battle» шынымен де қазақ тілді интеллектуалды зияткерлік ойындардың бірегейі және ең ауқымдысы.