Қазақстанда жыл сайын 1 мамырда шомылу кезеңі басталады. Шомылу кезеңіне алдын ала дайындық мақсатында ТЖМ орталық атқарушы органдармен, жергілікті әкімдіктермен кешенді жұмыс жүргізуде. Бүгінгі таңда жұмыс жоспары бекітілген. Талдау көрсеткендей, судағы өлімнің басты себептерінің бірі ол біздің халықтың соның ішіндегі жастардың, балалардың судағы қауіпсіздікті жеткілікті түсінбеуі, деді комитет төрағасы.

Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында өткізілген іс-шаралардың арқасында бүгінгі таңда 800 мыңнан астам халық қамтылған, оның ішінде 300 мыңға жуығы балалар. Спикердің айтуынша, жыл басынан бері 2700-ден астам бала жүзуге үйретілген. Ал бұған дейін 2021 жылы 30 мыңнан астам бала жүзуді үйренсе, 2022 жылы шамамен 70 мың бала оқытылды, бұл жұмыс жалғасын табуда.  

«Профилактикалық іс-шаралар кешенін өткізу барысында 200 мыңға жуық көрнекі оқу құралы халыққа таратылды. Су айдындарында 900-ден астам қауіпсіздік белгісі орнатылды. Бұл жұмыс өңірлік әкімдіктермен жалғастырылады», - деді Б. Сыздықов.

Оның айтуынша, қазіргі таңда әкімдіктер қауіпсіз жағажайларды дайындауда. Жағажайда кішкентай балаларға арналған шомылу орындары болады. Ол жерде жаздың күні құтқарушылар балаларға жүзуді, суда өзін қалай ұстауды үйретеді.

ТЖМ ІІМ және ИИДМ-мен бірлесіп су айдындарындағы адамдардың судағы қауіпсіздігін сақтау мәселесі бойынша 20 мыңнан аса рейд, патрульдеу жүргізді.

«Нәтижесінде 184 заң бұзушы тәртіпке шақырылды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412, 364, 420, 582 баптарына сәйкес адамдарға айыппұл салынды. 364-бапқа келетін болсақ, бұл ортақ су пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін салынады, ол полиция қызметкерлері салатын айыппұл. 412-бап бойынша айыппұл ТЖМ тарапынан су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бұзғаны немесе орындамағаны үшін  салынады», - деп түсіндірді комитет төрағасы.  

Алкогольдік ішімдіктер ішкені немесе қоғамдық орындарда мас күйінде болғаны үшін 440-бап бойынша ІІМ қызметкерлері айыппұл салады. 582-бап бойынша айыппұл салу - ИИДМ Көлік комитетінің құзырында.

«Өткен жылы азаматтық патрулдьдеу құтқарушылары суға кетіп бара жатқан 35 адамды құтқарды. Оның ішінде 6-уы – бала. Ал биылғы жылдың қаңтар-сәуір айларының аралығында еліміздің су айдындарында 44 адам құтқарылды, оның 6-уы тағы да бала. Әрбір азамат жол жүру ережесін сақтағаны сияқты, суда болу қағидаларын да қатаң сақтауы тиіс», - деп ескертті ТЖМ өкілі.