ТЖМ кәсіби құтқару бөлімшелері ірі акваториялардың халықпен жиі және белсенді қолданылатын 85 орнын бақылайды. Шомылу маусымының басталуына қарай ТЖМ аумақтық бөлімшелерінің 70 жылжымалы құтқару бекеті су айдындарына қосымша қойылмақ.

«Бұдан басқа, әкімдіктермен және су жағасындағы демалыс орындарының иелерімен министрліктің жедел құтқару жасақтарында даярлықтан өткен қоғамдық құтқарушылар есебінен 200-ден астам нысандық құтқару бекеті құрылады. Өкінішке орай, суға батып қайтыс болғандардың 95%-ы рұқсат етілмеген, қауіпсіздік қамтамасыз етілмеген су көздерінде орын алып отыр», - деді комитет төрағасы.

Ол өздерінің және жақындарының өмірі мен денсаулығын сақтау үшін халықты су айдындарында рұқсат етілген және қауіпсіз орындарда демалуға шақырды. Қауіпсіз орындар туралы мәліметтер БАҚ-тарда және әкімдіктердің, өңірлік төтенше жағдай департаменттерінің арнайы сайттарында орналастырылатын болады.

«2022 жылы еліміздің су көздерінде барлығы 533 рұқсат етілген жаппай демалыс туризм және спорт орындары жабдықталған болатын. Оның ішінде 154-і - коммуналдық, 316-сы - жеке жағажай. Коммуналдық жағажайлардың бәріне кіру тегін. Шомылу маусымы басталғанға дейін әкімдіктермен бүгінгі таңда қосымша тағы да 133 шомылуға рұқсат етілетін арнайы орын құру жоспарланып отыр. Нәтижесінде, 2023 жылы шомылу маусымында рұқсат етілетін шомылу орындары 666 бірліктен асып жығылады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 25%-ға жоғары», - деп нақты мәліметтер келтірді спикер.

Азаматтық қорғаныс саласы өкілінің айтуынша, атқарылған кешенді жұмыстардың арқасында жыл сайын суға батып қайтыс болатындардың саны азайып келеді. 2021 жылы ол 3%-ға төмендесе, 2022 жылы 42%-ға төмендеген. «Дей тұрғанмен әрбір құрғақ статистиканың артында адамның өмірі және оның жақындарының қайғысы тұр, сондықтан босаңдамауымыз керек», дейді маман.

Өкінішке орай, соңғы үш жылдың ішінде елімізде 1100-ден астам адам суға кетіп қайтыс болған.  

«Біз өз тарапымыздан алдын алу жұмыстарын, профилактикалық жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Бірақ оған халық, балалар қаншалықты назар аударуда? Сондықтан күнделікті күйбең тірлікті жинастырып қойып, кешке бала-шағаларыңызбен отырып, осы тақырыпта сұхбаттассаңыздар, оларға сұрақ қойсаңыздар, судағы қауіпсіздіук бойынша сіздердің балаларыңыз не біледі екен. Балам жүзе біле ме? Жүзе білмесе, оны жүзуге үйрету керек шығар? Өз-өзіңізге осындай сұрақтар қойсаңыз нұр үстіне нұр болар еді», - деп түйіндеді Б. Сыздықов.