Оның айтуынша, бүкіл әлемде орнықты даму қағидаттарын қолдану экология, әлеуметтік даму және корпоративтік басқару саласындағы жаһандық мақсаттарға қол жеткізуді ескере отырып, экономика мен қаржы жүйесінің орнықты дамуын қамтамасыз етуде ерекше маңызға ие болады.

Қаржы секторы ESG тәуекелдерін ескерумен «жасыл» экономиканы қаржыландыруды және қазақстандық компанияларды трансформациялауды қамтамасыз ете отырып, тұрақты даму қағидаттарын енгізуде шешуші рөл атқарады. Сондықтан Агенттіктің негізгі басымдықтарының бірі тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін қаржы ұйымдарының стратегиялары мен бизнес-модельдеріне ESG критерийлерін біртіндеп кіріктіру болып табылады. 

«2021 жылдың қазан айында Мемлекет басшысы көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі халықаралық конференцияда БҰҰ-ның парниктік газдардың нөлдік шығарындыларына қол жеткізу жөніндегі үндеулерін қолдады. 2060 жылға қарай Қазақстанның көміртегі бейтараптығы стратегиясы 2023 жылдың ақпанында бекітілді», - деді спикер.

Бұл ретте, көміртекті бейтараптық сценарийі мәлімделген мақсаттарға – парниктік газдардың нөлдік шығарындыларына қол жеткізу үшін мемлекеттің, бизнестің және жалпы қоғамның бірлескен күш-жігерін көздейді.

Қаржы реттеушісі өкілінің айтуынша, Қазақстанда «жасыл» қаржыландыруды дамыту үшін барлық қажетті құқықтық орта қалыптасқан. 2021 жылғы қаңтарда жаңа Экологиялық кодекс қабылданды, оның шеңберінде «жасыл» қаржыландыру және «жасыл» жобалар ұғымдарының заңнамалық анықтамасы енгізілді, сондай-ақ «жасыл» облигациялар және «жасыл» кредиттер арқылы қаржыландыруға жататын «жасыл» жобалардың жіктелуі (таксономиясы) көзделген. Барлық мемлекеттік саясат декарбонизацияны ынталандыруға және «жасыл» жобаларға қатысты фискалдық, қаржылық және өзге де шаралар түрінде қолдау көрсетуге бағытталған.

Агенттік төрағасының орынбасары атап өткендей, «жасыл облигациялардың» инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін қазақстандық компанияларға қазақстандық қор биржасында немесе АХҚО биржасында шығарылған «жасыл» облигациялар бойынша субсидиялар алу мүмкіндігі берілді. «Жасыл» қаржыландыру нарығын одан әрі дамыту үшін 2022 жылғы 12 шілдедегі сақтандыру және бағалы қағаздар нарығы, банк қызметі мәселелері жөніндегі заң шеңберінде Халықаралық капитал нарықтары қауымдастығының (ICMA) ұсынымдары негізінде ESG-облигацияларды шығару және айналысқа жіберу мәселелері реттелді.

ESG-облигацияларын орналастырудан түскен ақшаны мақсатсыз пайдалану жағдайларын болдырмау үшін оларды міндетті түрде сыртқы бағалау немесе верификациялау рәсімдері көзделген, оны ESG қағидаттарына сәйкес тәуелсіз бағалауды жүзеге асыратын халықаралық қаржы, аудиторлық, консалтингтік ұйымдар жүзеге асырады.