Халықты ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жүргізілген түрлі бағдарламалардың арқасында бүгінгі таңда халықтың суға деген қолжетімділігі 96,8% құрап отыр. Бұл 19,7 млн халықтың 19,1 млн-ы сумен толық қамтамасыз етілген дегенді білдіреді, деді комитет төрағасының орынбасары. Қалған азаматтарға 2025 жылдың соңына дейін толыққанды ауыз су қолжетімді болады.
«Тұщы жерасты суларының ресурстары оңтүстік өңірлерде шоғырланған. Ол тұщы судың 57%-ын құрайды. Атырау, СҚО, Маңғыстау, Қостанай және Ақмола облыстарының тұщы жерасты суларының ресурстары, өкінішке орай, шектеулі», - деді Ә. Пазылбекұлы.
Жауапты ведомстволардың алдында 2025 жылдың соңына дейін сапалы аузы сумен халықтың 100% қамтамасыз ету міндеті тұр. Бұл көрсеткішке Тұрғын үй коммуналдық инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік тұжырымдамасы шеңберінде қол жеткізу жоспарланған.
«Қазіргі таңда жаңа Су кодексі әзірленуде. Ол жыл соңына дейін Парламенттің қарауына енгізіледі», - деп нақтылады комитет өкілі.
Оның айтуынша, қалалар бойынша халықты сумен қамтамасыз ету қазіргі таңда 98,4% құрайды. Оның ішінде СҚО, Маңғыстау, Атырау, Қызылорда, Жетісу, БҚО, Ұлытау, Ақтөбе, Алматы облыстары сумен толыққанды жабдықталған. Ауылдық елді мекендер бойынша бұл көрсеткіш ауыл халқының 94,5%-ын қамтиды. Ең төмен көрсеткіштер - Қостанай, СҚО, Ақмола облысында.
Спикер сумен қамтамасыз етілу көрсеткіштері төмен өңірлерге республикалық бюджеттен қаражаттың басым негізде бөлініп отырғанын айтты. Мәселен, биыл сумен жабдықтау және су бұру шараларына республикалық бюджеттен 280 млрд теңге қаражат қаралған. Бұл қаражатқа жалпы 402 жоба жүзеге асады. Атап айтқанда, қалаларда 167 млрд теңгеге 135 жоба жүзеге асады. Нәтижесінде қала халқының сумен қамтылу көрсеткіші 98,8%-ға ұлғаяды.
«Ауыл халқын сумен жабдықтау бойынша биыл 113 млрд қаражат қаралған. Аталмыш қаражатқа 267 жоба жүзеге асады. Нәтижесінде аулы халқының 96,3%-ы сумен қамтамасыз етілетін болады», - деді ТКШ комитеті төрағасының орынбасары.
ҚР ИИДМ халықты ауыз сумен қамтамасыз етумен қатар, оның құнын халық үшін субсидиялау бойынша да жұмыс жүргізуде. Су кодексіне сәйкес, мемлекет аса маңызды топтық және жергілікті сумен жабдықтау жүйелерінен ауыз су беру жөніндегі қызметтердің құнын ішінара субсидиялайды. Демек, 1 текше метр ауыз суды тариф пен төлем мөлшері арасындағы айырмашылық мемлекет тарапынан субсдияланады, деп нақтылады ведомство өкілі.