Спикердің айтуынша, Мемлекет басшысының Қазақстан халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын уақытылы және сапалы орындау үшін кезең-кезеңмен жоспар әзірленіп, онда әрбір елді мекен ескерілген. Тиісті мониторинг, оның ішінде іздестіру-барлау жұмыстарын жүргізу, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу және құрылыс-монтаждау жұмыстарын өрістету бойынша жүргізілуде.
«89 қаладан 64 қала жүз пайыз сүзгіден өткізілген сумен жабдықтаумен қамтамасыз етілген. Кезеңдік жоспар аясында қалған 25 қала 2025 жылдың соңына дейін сумен толық қамтамасыз етіледі», - деді ҚР ИИДМ комитетінің өкілі.
Сонымен қатар, қала халқының өсуін ескере отырып және сумен жабдықтау бойынша сапалы қызмет көрсету үшін республикалық бюджет қаражаты шеңберінде су тазарту құрылыстарының қуатын ұлғайту, магистральдық су құбырларын кеңейту, су бұру жобаларын іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде, деп атап өтті спикер.
ИИДМ өкілі журналистердің сұрақтарына алдын ала жауап бере отырып, елорданы сумен жабдықтауды жақсарту бойынша жобалар туралы айтты. Мысалы, қазіргі уақытта министрлік өнімділігі тәулігіне 105 мың текше метр су болатын жаңа сорғы-сүзгі станциясын салу бойынша жобаны іске асыруда. Қазіргі уақытта Астанада ауыз судың тәуліктік тапшылығы 25 мың текше метрді құрайды. Елорданың кейбір аудандарында су қысымының төмендеуін Әзімбек Пазымбекұлы жаңа құрылыстардың жүргізілуімен түсіндірді.
«Жобаны іске асыру болашақта 2026 жылға дейінгі кезеңге судың үздіксіз берілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. №3 сорғы-сүзгі станциясының құрылысын аяқтау биылғы жылдың екінші жартыжылдығында жоспарлануда», - деді ҚР ИИДМ комитеті төрағасының орынбасары.