«SUPER BOL» жобасы бұрын соңды елімізде, жалпы Қазақстаның футбол тарихында, оның ішінде телевизия саласында да болмаған ең ірі, ең ауқымды жобалардың бірі, деді ол. Жобаға мемлекет тарапынан ешқандай қаражат жұмсалып жатқан жоқ. «Qazsport» телеарнасы жобаны жастарға, көрермендерге ұсынумен айналысады. 9 бағдарлама мен 40 күнделіктен тұрған былтырғы бірінші маусым «Qazsport» телеарнасының эфирінен көрсетілген.

«Былтыр шілде айында бастаған болсақ, биыл ұйымдастырушылар кастингтің ерте басталуына байланысты эфирді маусым айынан бастауды жөн көріп отыр. Сондықтан дәл қазіргі кесте бойынша 2-маусым күні эфирге бірінші бағдарламасын шығару жоспарланып отыр», – деді телеарна басшысы.

«Qazsport» телеарнасы ұйымдастырушылармен бірлесе отырып, ойынның түсірілімдерін эфирге дайындайды. Телеарна техникалық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, жолдастық кездесу матчтарынан еуропалық деңгейдегі турнирлер және  ұлттық құрама өткізетін ойындардағы тәрізді сапалы түрде 12-14 камералы трансляция жасайды.

Журналистің ойыншылардың қалай іріктелетіні туралы сауалына жауап берген телеарна басшысы ұйымдастырушылар таңнан кешке дейін әр қаладағы орталық стадиондарда сол жерге тіркелген ойыншыларды жинайтынын айтты. Футболдан хабардар 8 бапкер алаңды төртке бөліп, сол жерде жеке-жеке жұмыс істейді, 2-3 сағат сайын бір-бірінің ойыншыларын ауыстырып отырады. Нәтижесінде, кешке дейін барлық бапкер бүкіл ойыншыны көріп шығады, одан кейін ортақ жиналыс өткізіп, ойларын бір жүйеге салып, соның ішінен қатысушыларды іріктейді. Барлығы 100% қадағаланады, сондықтан талантты футболшылар қалып кетпейді деген ойдамыз, деп түйіндеді телеарна басшысы.