«Мемлекет басшысы 19 сәуірде өткен кеңесте Ұлттық қор қаражатын үнемді пайдалану мәселесін алға тартты. Осындайда МЖӘ – бюджеттен тыс қаражат көзін тартудағы таптырмас құралы. Бірақ бұл тетікті сәтті іске асыру үшін үш маңызды сұрақ шешімін табуы қажет: ашық, жетік әрі түсінікті заңнаманың болуы, білікті, тәжірибелі мамандардың болуы және жобалардың ашық жоспарланып, бәсекелі конкурс арқылы іске асуы», – деді басқарушы директор.  

Қазіргі таңда Қазақстанның бұған барлық мүмкіндіктері бар: ТМД-ның басқа елдерімен салыстырғанда әлдеқайда ертерек қабылданып, уақыт сынынан өткен заңнама және жобаларды іске асыруға атсалысып жүрген білікті мамандар.  

Қазақстандық МЖӘ орталығының бастамасымен соңғы бір жылда Еуропа және Азия даму банктерінің қолдауымен 37 маман халықаралық дәрежеде мойындалған Ұлыбритания бағдарламасын аяқтаған. Спикер олардың ішінде орталық және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері бар екенін айтты.

Ал жобаларды тиісті дәрежеде жоспарлап, іске асыру үшін халықтың мүддесі мен жеке тараптың, яғни нарықтың көзқарасын білу қажет. Ол үшін мемлекет пен аталған тараптар арасында ашық алаң орын алуы тиіс. 

«Осы мақсатта өткен жылдың желтоқсан айында МЖӘ заңнамасына ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігі қағидасы енгізілді. Яғни, жоспардағы жобаларға іске асыру процестері туралы ақпаратқа ашық қол жеткізу мүмкіндігі қарастырылған. Осы қағиданы іске асыру аясында соңғы он ай ішінде цифрландыруға қатысты үлкен жұмыс атқарылды», - деді А. Көбетов.

Біріншіден, үкімет әзірлеп жатқан инвестициялық жобалардың ақпараттық жүйесі аясында жеке МЖӘ бойынша модуль құру. Оның негізіне бұған дейін қағаз түрінде жоспарланып келген барлық жобалар енді ақпараттық жүйені қолдану арқылы жоспарланып іске асырылатын болады. Бұл өз кезегінде бұған дейін болмаған біртұтас мемлекеттік инвестициялық жобалар базасын құрып, келешекте жобаларды іске асыру тетіктерін таңдаған кезде бюджеттік тиімділік тұрғысынан шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Екіншіден, Азия даму банкінің қолдауымен Қазақстанда халықаралық деңгейдегі МЖӘ Source ақпараттық жүйесін енгізу. Негізгі мақсат – жоспардағы жобаларды, олардың даму сатысын ашық түсінікті және бірыңғай түрде көрсету арқылы елімізге инвестициялар тарту.

Үшіншіден, конкурстық рәсімдерді өткізуге бағытталған жаңа портал құру. Мамыр айынан бастап 5 пилоттық өңір осы порталды қолданатын болады. Ал қыркүйек айынан бұл тәжірибе бүкіл республикада қолданылады. Бұл жоспарлау процесін қысқартуға, инвесторларды тарту мәселесінің ашық әрі объективті өтуіне, жемқорлықты болдырмауға мүмкіндік береді, деп түйіндеді орталық директоры.