МЖӘ орталығының өкілі атап өткендей, 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша МЖӘ шарттары мен концессияларының 1080 жобасы іске асырылды, оның ішінде 15-і республикалық және 1068-і жергілікті ауқымда. Бұл жобалардың жалпы құны 2,1 трлн теңгені құрайды.

«Осы жобалар бойынша тартылған инвестициялар көлемі 1 трлн теңгеден асады. 15 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды», – деді спикер.

МЖӘ жобалары іске асырылатын негізгі секторлар білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қызметтер, энергетика, ТКШ, көлік инфрақұрылымы және басқа да бағыттар болып табылады.

«Қазіргі уақытта конкурстық құжаттаманы жоспарлау және дайындау сатысында жалпы сомасы 340 млрд теңгеге 152 жоба тұр», – деді орталық өкілі.

Оның айтуынша, орталық жыл сайын Ұлттық экономика министрлігінің тапсырысы бойынша МЖӘ жобаларының іске асырылуына бағалау жүргізеді. Бағалау қорытындысы бойынша МЖӘ саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстар қалыптастырылады. 

2022 жылдың қорытындысы бойынша орталық МЖӘ-нің 523 жобасын іске асыруға бағалау жүргізді. Сондай-ақ, осы жобаларды іске асырудан әлеуметтік-экономикалық тиімділікті бағалау, орталық және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерін оқыту жүргізіледі.

«Біз тек ұсыныстар беріп қана қоймай, практикалық тәжірибелерімізбен де бөлісеміз», – деді спикер. 

Айтылғандарды растай келе, ол бірқатар мысал келтірді. Атап айтқанда, МЖӘ-нің ең ірі жобаларының бірі оңтүстік астанадағы көлік ағынын азайтуға, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің көлік ағынын Алматыны айналып өткізуге бағыттауға арналған Үлкен Алматы айналма жолы болып табылады.

«Білім беру саласындағы МЖӘ 60 мыңға жуық оқушы орнының тапшылығын жабуға мүмкіндік берді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жобаларды одан әрі іске асыру жүріп жатыр. Мәселен, 10 мыңға жуық бала МЖӘ жобаларын іске асыру аясында балабақшаларға баруға мүмкіндік алды», – деді Орталық өкілі. 

Оның айтуынша, денсаулық сақтау саласында МЖӘ 100-ден астам жоғары технологиялық жабдықты орнатуға мүмкіндік берді, нәтижесінде 400 мыңнан астам медициналық зерттеулер жүргізілді, 1,7 млн пациент медициналық қызметтерге қол жеткізді. Спорттық нысандар бойынша нақты мысалдар бар. 

МЖӘ мүмкіндігі шектеулі жандарға да көңіл бөледі. Мәселен, Астанада паралимпиадалық спортты дамыту жобасы құрылды. 2019 жылдан бастап осы мақсатта салынған орталыққа жыл сайын 120 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан келеді.

«Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі бюджетке түсетін жүктемені азайтуға, жеке секторды ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа тартуға мүмкіндік береді», – деді Мұхамед Кабульдинов.