М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының елордаға гастрольдік сапары күні кеше М. Әуезовтің «Қарагөз» спектаклін сахналаумен басталды.

«Көрермендерге сыйлық ретінде кейінгі шыққан спектакльдерді алып келдік. Астананың Қ. Қуанышбаев атындағы театры да Алматыда апталығын өткізіп жатыр. Әр уақытта өнер – халықтікі. Халықтың алдында есеп беріп тұру – біздің міндетіміз», – деді өнер абызы.

Асанәлі Әшімов театрда бүкіл әлемде өнер ағысының қалай екенін біліп отырудың, әр уақытта спектакль жалғыз қазақ халқы үшін емес, бүкіл әлемдік деп кірісудің маңыздылығын айтты.

 М. Әуезов театры 1926 жылы Қызылордада ашылған.

«Ұлы әртістеріміз Қаллекиден, Күләштан бастап Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітовтер қызметін осы театрдан бастаған. Қазіргі «Қазақконцерт», филармония барлығы осы жерден - қарашаңырақ Әуезов театрынан шыққан. Сондықтан аға театр болғандықтан біздің жауапкершілігіміз үлкен. Облыстардағы театрларға көмек тигізуіміз керек. Соларды өзіміздің театрға шақырып спектакльдерін көріп тұрамыз», – деді Асанәлі Әшімов.

Журналист театрларымыздың қазіргі деңгейі, көрермендерге қаншалықты тұшымды, өрелі дүниелер ұсына алатындығы туралы сұрақ қойды.

«Театрларда білімді режиссерлер болуы керек, актерлерден білімі жоғары тұратын режиссерлер болуы керек, сонда театрдың репертуары да жақсарады. Жалпы әлемдік деңгейге көтерілуімізге болады», – деп жауап берді А. Әшімов.

Өз кезегінде Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Данияр Алиев М. Әуезов театрының бұл гастролі өзінің 2026 жылғы 100 жылдық мерейтойы қарсаңындағы биылғы мемлекеттік деңгейдегі алғашқы іссапары болып отырғанын айтты. Оның айтуынша, Қазақстанда барлығы 65 театр бар, оның ішінде 55-і - мемлекеттік болса, 11-і Мәдениет министрлігіне қарайды.

«Қалеки театры Алматы қаласына барып, Әуезов театры елордаға келіп өнер көрсетуде, ал 21-24 маусым аралығында Абай атындағы опера театры «Астана опера» театрына, «Астана балет» - Абай театрына барады. Мұның барлығы киелі өнерге деген мемлекет тарапынан үлкен құрметтің белгісі», - деді мәдениет саласының өңілі.  

Ол сонымен қатар Әуезов театрының 100 жылдық мерейтойы қарсаңында оның Алматы қаласында орналасқан ғимаратына ғылыми реставрациялық жұмыстар басталатынын айтты. Бүгінгі таңда бұл жұмыстың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде.