М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбек Астанаға Әуезов театрының 5-6 жылдан бері алғаш рет ат басын бұрып отырғанын айтты.  

«Сол 5-6 жылда қойылып, сахналанған, елдің аузында, көрерменнің көкейінде жүрген спектакльдерді әкеліп, Астананың зиялы жұртшылығына көрсетіп қайтайық деген шешім қабылдадық. Бұл жолы 70-ке жуық театр қызметкері, оның ішінде 40-қа жуық актер келді, екі үлкен көлікпен декорациямызды әкелдік», - деді ол.  

М. Әуезов театрының елордадағы гастрольдік сапарының шымылдығы «Қарагөз» қойылымымен ашылды.  

«Кеше бірінші спектаклімізді көрсеттік, халықтың ықыласы өте жоғары. Қазірдің өзінде көптеген спектакілімізге билеттер жоқ деп айтуға болады. Мысалы, халық жақсы қабылдайтын «Қоштасқым келмейді» деген спектакльді екінші рет қоюды сұрап жатқан жайы бар. Мұның барлығы ең алдымен көрерменнің театр өнеріне деген үлкен пейілінің пайда болғанының белгісі. Қазіргі таңда біраз жылдардан бері ұмытылып кеткен «билет бар ма екен театрға?» «Қайтсек орын болады», «Артық билет сатыңыздаршы» деп есіктің алдында жүрген адамдарды көреміз. Бұл қоғамның жақсаруының, халықтың шынайы өнерге деген көңілінің қалыптасуының арқасы», - деді театр басшысы.

Оның айтуынша, қазір театрдың тұрақты көрермендері – студент жастар мен жоғарғы сыныптардың оқушылары. Кеше де Қ. Қуанышбаев театрының 700 адамдық көрермен залына қарап отырсақ, негізінен келіп, қошемет көрсетіп жатқандар – желкілдеген жастар, дейді өнер саласының өкілі.

Сонымен қатар ол Алматыдағы Әуезов театрына гастрольдік сапармен барған астаналық Қ. Қуанышбаев театрының өзінің 7 қойылымын сахналайтынын айтты. 

«Билеттерінің бәрі сатылып кетті, дейді, әріптестеріміздің табыстарына біз де қуанып жатырмыз», – деді Е. Жуасбек.

Журналистің сұрағына жауап бере отырып театр басшысы елордалық көрермендердің Әуезов театрының 70-ке жуық спектакілінен жетеуін тамашалай алатынын айтты. Бұл қойылымдарда көрермендердің көзайымына айналған Тұңғышбай Жаманқұлов, Данагүл Темірсұлтанова, Бекжан Тұрыс, Дулыға Ақмолда, Шынар Жанысбекова сынды әртістер өнер көрсетеді.    

«Қазір театрлардың арасында жарыс емес, ауызбіршілік пайда болды, бір-біріне көрсететіндей үлкен актерлік, режиссерлік мектеп пайда болды. Бұл қазақ сахна өнерінің кеңістігінде болып жатқан үлкен жақсылықтар», - деп түйіндеді театр басшысы.