Оның сөзінше, өткен жылдан бері алғаш рет әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағаны тұрақтандырудың жаңа тәсілдері мен тетіктері іс жүзінде жүзеге асырылды. Бұл тәсілдер фермерлердің кеш және ерте піскен көкөністерді белгіленген бағамен және белгіленген көлемде ішкі нарыққа жеткізу үшін алдын ала келісімшарт жасасу тетігін іске асыруды көздейді.

«Сонымен қатар тиімділігін арттыру үшін қалыптастырылған көлемдер нарыққа тек маусымаралық кезеңде ғана шоғырландырылып шығарылады. Бұл негізгі айырмашылық. Бұрын тұрақтандыру қорлары маусымаралық кезеңдерге назар аударылмай, жыл бойы пайдаланылатын», – деді спикер.

Бұл ретте тауарлық интервенциялар ӘКК-нің сауда нүктелері арқылы ғана емес, бақылау-кассалық аппараттарды қолданатын бүкіл сауда желісі бойынша да өтеді. Сондай-ақ биыл алғаш рет қалыптасқан қорларды өткізу үшін бағаларды индикативті есептеу тетігі қолданылды.

«Осылайша, ағымдағы маусымаралық кезеңде «үлкен жиынтық» деп аталатын 140 мың тоннаға жуық өнім қалыптасты. Бүгінде 62 мың тоннасы, оның ішінде 30 мың тонна картоп, 12 мың тонна сәбіз, 12 мың тонна пияз, 8,7 мың тонна қырыққабат сатылды», – деді СИМ бірінші вице-министрі.

Қазіргі маусымаралық кезеңде жағдай өзгерді деп айтуға болады. Мәселен, спикердің айтуынша, соңғы 6 жылда көкөніс тобының әлеуметтік маңызы бар тауарларына бағаның өсу құны маусымаралық кезеңде шамамен 6,4% құрады. Соңғы 7 аптада өсудің орташа деңгейі 0,1%-дан аспады, ал жыл басынан бері ол шамамен 3,5% құрады.

«Қазір 2024 жылғы маусымдағы бағаның құбылуын болдырмау үшін осы жылдың күзгі егініне келісімшарт жасасу жұмыстары жалғасуда. Осы мақсаттар үшін АШМ-мен бірлесіп келісімшарт барысына мониторинг жүргізіледі. Бұл құрал ішкі нарықты қорғау бойынша уақытылы және негізделген шаралар қабылдауға мүмкіндік береді», –  деді СИМ өкілі.

Оның айтуынша, тауар балансы мониторингінің деректері негізінде биыл 28 қаңтардан бастап пияз экспортына тыйым салынды. 8 сәуірде беталысты ескере отырып, пиязды әкетуге квота белгілеу бағытымен тыйым қайта қаралды. Тарифтік емес реттеудің уақытылы қабылданған шаралары да оң нәтижесін берді. Осылайша, 4 ақпанда күнбағыс тұқымына экспорттық баж салығы енгізілді. Бұл шара ішкі нарықты өсімдік майымен қанықтыруға мүмкіндік берді. Өткен жылдың күзінен бастап елімізде күнбағыс майы өндірісі екі есеге – 150 мың тоннадан 292 мың тоннаға дейін өсті.