Мұнда «Қалқан» арнайы мақсаттағы батальонының жауынгерлері қызмет ететін десанттық-шабуылдаушы бригада орналасқан, олардың міндеті – Астананы қорғау. Арнайы мақсаттағы бригада әскери қызметшілермен және заманауи техникалық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
Одан бөлек, әскери бөлім құрамында болашақ десанттар дайындалады, танкішілер, инженерлік-саперлік рота, байланыс ротасы, сондай-ақ Құрметті қарауыл ротасы бар.
Әскери қызметшілердің күні сағатына дейін есептелген: парашютпен секіруге, инженерлік дайындық, мина іздеу дағдыларын игеру, әуе шабуылына қарсы қорғаныс, саптық даярлық бойынша оқыту кешенді түрде жүргізіледі.
Әскери бөлімде әйелдер де бар. Олар негізінен байланыс торабында, радиотелефонист, психолог болып істейді, сонда да, жалпы дайындықтан өтеді.
«Әскери қызметшілер бекітілген бағдарлама бойынша дайындалады. Біздің әскери бөлім алты айлық бағдарламаға көшті: алдымен әскери қызметшінің жеке дайындығына, содан кейін бөлімше, взвод, рота, батальон, ең соңында бригада құрамындағы дайындыққа назар аударамыз. Аралық қорытынды шығарамыз, содан кейін сол бағдарлама бойынша қайтадан дайындап, жыл соңында жылдық қорытынды жасаймыз. Ол командалық-штабтық оқу-жаттығу өткізумен аяқталады», – деп түсіндірді 68665 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Талғат Құлманов.
Бұл ретте мерзімді әскери қызметтегі сарбаздарды даярлау кезең-кезеңімен жүргізіледі: жүгіру қашықтығы біртіндеп арттыру, парашютпен секіруге дайындауға арналған жарты жылдық бағдарлама. Бірінші рет сарбаздар 850 м биіктіктен секіреді, бағдарлама аясында 3 рет секіру қарастырылған.
Кинологиялық есептопта Эмба атты ит қызметін адал атқаруда. 2018 жылы жалпы үйрету курсы мен мина іздеу бойынша жарыста бірінші орын алған. Ол мемлекеттік және орыс тілдерінде берілген командаларды түсінеді.
Сондай-ақ қызмет барысында арнайы мақсаттағы құрал Telerob қолданылады. Ол зақымданған жерді барлауға арналған: алынған сынама химиялық, биологиялық немесе радиациялық ластанудың бар-жоғын анықтау үшін зертханаға жіберіледі. Аспап 1 мың метр жерде қашықтан жұмыс істей алады. Салмағы 66 кг, жылдамдығы – 4,5 км/сағ. Ел бойынша мұндай құрылғылар екеу-ақ: Астана және Қонаев қалаларында.
Әскери қызметшілердің тұрмыстық жағдайы қолайлы, қажет дүниенің бәрі бар. Демалыс бөлмесінде домбыра мен гитара да тұр. Жауынгерлер Қазақ радиосын тыңдайды – радиостанцияда әскери қызметшілерді туған күнімен құттықтайтын бағдарлама бар, сондай-ақ ата-аналарымен бейнеқоңырау арқылы сөйлеседі. «Бұрын олар хат күтсе, қазір қоңырау күтеді», – деп әзілдейді сарбаздар.
Отан қорғаушы күні қарсаңында әскери бөлімде 120 орындық жаңа казарма ашылды. Ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бірінші қабатта сыныптар, медициналық пункт, душ, спорт залы орналасқан. Екінші қабатта – казарма. Әр казармада бейнебақылау камералары орнатылған. Мерекеден кейін жауынгерлер жаңа ғимаратқа көшеді.
Жалпы, әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдау айтарлықтай жақсарды. Атап айтқанда, баспана мәселесі шешілді, мерзімді әскери қызметшілерге несиелер бойынша каникул ұсынылады, сондай-ақ жеңілдетілген шарттармен жоғары білім алу мүмкіндігі бар. Мысалы, қазіргі уақытта еліміздің 73 ЖОО-мен әскери борышын өтеп келген сарбаздарға оқуға түсу кезінде жеңілдіктер жасау жөніндегі меморандумдарға қол қойылды.
«Келісімшарт бойынша әскери қызметін жалғастыратын сарбаздар саны жыл сайын артып келеді. Мен лейтенант болып бастағанда 1-3 адам болатын, қазіргі уақытта мендегі әскери қызметшілердің 15-20%-ы келісімшарт бойынша әскери қызметте қалады. Неге? Өйткені бір жыл бойы күнделікті қызметін қалай атқару керектігін көрді, қандай мүмкіндіктер барын көрді, сондықтан жұмысқа қабылданып, қызметін келісімшарт бойынша жалғастыруда», – деді 68665 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары подполковник Талғат Құлманов.
Қазақстандық әскери қызметшілердің армияны дамытуға және міндеттерін орындауға қатысты стратегиялық көзқарасы бар.
«Бүгінде ұшқышсыз авиацияның, артиллерия мен зымыран әскерлерінің, жоғары дәлдіктегі оқ-дәрілердің маңыздылығын көріп отырмыз. Біз оқу-жаттығуларды осы бағыттарда ұйымдастырып жатырмыз», – деді Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов.
Саптық, дене дайындығы, теориялық және практикалық сабақтар, оқу-жаттығуларға шығу – осының бәрі жас қазақстандықтарға нағыз батыр, өз Отанының, өз халқының қорғаушысы болуға жол ашады.