Облыс тұрғындарына Мәдениет және спорт министрлігінің атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары таныстырылды.

Биыл Атырау облысының делегациясы Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығына арналған Қазақстанның мәдени күндері аясында Мысырға барады. Ал 2025 жылға қарай өңірде 20 спорт нысаны салынады. Сондай-ақ 12 мәдениет нысанын жөндеу және 2 мәдениет нысанының құрылысы жоспарланып отыр.

Атырау облысының тұрғындары «Сарайшық» визит-орталығын қаржыландыру және дамыту, балалар туризмі, ұлттық спорт түрлерін дамыту және қолдау, ауылдық жерлерден кәсіби спорт пен жас спортшыларға демеушілер іздеу, Атырауда ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған шығармашылық орталықтың ашылуы және олар үшін жабдықтар сатып алу, мұражай ашу мәселесі сияқты тақырыптарды көтерді. Домбыра, туристік мүмкіндігі зор орындарды дамыту, шағын футбол манеждері мен жаңа мұз сарайын салу, ел бойынша параспортшылардың жүріп-тұруы мәселесі, театрлардың техникалық персоналының еңбекақысы, М. Өтемісұлы атындағы Қазақ драма театрын жөндеу, әртүрлі санаттағы жаттықтырушыларға қосымша ақының айырмашылығы, спорт педагогтары мен жаттықтырушыларының еңбекақысын теңестіру, турнирлер өткізуге арналған ареналар мен кешендердің тапшылығы күрес бойынша және тағы да басқа ұсыныс-пікірлер айтылды.

Сонымен қатар ведомство басшысы Атырау облысындағы Махамбет ауданында «Сарайшық» визит-орталығының ашылу салтанатына қатысты. 

Қазіргі уақытта Қазақстанда тағы үш визит-орталық жұмыс істеп тұр: Алматы облысында «Таңбалы», Ұлытау облысында «Ұлытау» және Түркістан облысында «Отырар». Биыл тағы үш визит-орталықтың құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Бұл еліміздің оңтүстігіндегі «Сауран», «Гауһар-ана» және «Ордабасы» орталықтары.