«Сұрақ-жауап» барысында журналистер Оқу-ағарту министрлігі апатты және үш ауысымды мектептер мәселелерін қалай шешетіні туралы сұрады.

«Үкімет айқындаған Оқу-ағарту министрлігінің және жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті апатты мектептер, салдарынан балаларды үш ауысымда оқытуға тура келіп отырған оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешу болып табылады» – деді спикер.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ауқымды жобасы әзірленді. Жоба аясында үш жыл ішінде апатты мектептерге, сондай-ақ оқушы орындарының жетіспеушілігіне қатысты барлық мәселелер шешілетін болады, деп сендірді министрлік өкілі. 

Оның айтуынша, заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес елімізде Білім беру жүйесінің инфрақұрылымын дамыту қоры құрылды. Бұл қорда Президенттің тапсырмасы бойынша мектептердің құрылысына бағытталатын қаражат жинақталады. 

Бұл ретте «Жайлы мектеп» жобасы бойынша сыйымдылығы 300-ден астам оқушы орны бар мектептер салынады. 300-ге дейін оқушы орны бар мектептер Қор мен жергілікті бюджет есебінен салынады. 

«Әкімдіктердің мұндай жоспарлары бар және мәселелер жүйелі негізде шешіледі», – деді оқу-ағарту бірінші вице-министрі.