2023 жылдың 4 айының қорытындысы бойынша Ақтөбе облысында тұрақты макроэкономикалық жағдай сақталуда. Орташа айлық жалақы өткен жылмен салыстырғанда 17,8%-ға өсті.

«Инвестиция тарту бойынша облыста қолайлы инвестклимат қалыптасқан. Оған дәлел - биылғы жоспарымызда 1 трлн теңгеден астам инвестиция тарту қарастырылған. Сонымен бірге өңірде 2023-2025 жылдар аралығында 2,8 трлн теңгеге, 7,3 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 16 маңызды жоба іске асырылмақ», - деді облыс басшысы.

Оның ішінде 420 млрд теңгені құрайтын теміржол кластерін құру жоспарланған. Оның аясында болаттың арнайы маркаларын шығаратын еліміздегі алғашқы кәсіпорын бой көтереді. Зауыт шет елдерден жыл сайын 1 млрд долларға сатып алынатын болат дайындамаларын өндіруге және импортты алмастыруға мүмкіндік береді, жобаның инвестиция көлемі – 280 млрд теңгені құрайды.

«Халықаралық стандарттарға сай 800 метрлік жіксіз рельстер шығаратын Қазақстандағы алғашқы кәсіпорын да (бүгінде бізде 100-120 метр деңгейінде шығарылады) болашақта еліміздің экономикасын дамытуға үлкен әсерін тигізетіні сөзсіз. 168 млрд теңгеге Қазақстанның батыс өңірі аумағындағы жоғарғы технологиялық темір жол дөңгелектерін шығаратын зауытты іске қосатын боламыз. Бұл да үлкен жобалардың бірі. Бір сөзбен айтқанда, теміржол айналасындағы кластер Ақтөбе облысында пайда болады», - деді Е. Тоғжанов.

Сонымен қатар өңірдегі ірі инвесторы ERG компаниясымен бірге көлемі 1,1 трлн теңгені құрайтын жобалар іске асырылады. Оның ішінде 1973 жылдан бері Дөң тау-кен байыту комбинатында жиналған шламдарды қайта өңдеу жобасы жүзеге аспақ. Бұл үлкен экологиялық проблема болып отырғандықтан оны шешуге ерекше назар аударылады. Жобаның құны 37,4 млрд теңгені құрайды.

Бұдан басқа, облыста энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жалпы қуаты 250 мВт болатын кәдеге жарату станциясы және жел электр қондырғысы жобалары көзделген. Оларды іске асыру басталып та кетті, 2024 жылы аяқтау жоспарланған. Облыс басшысы ERG компаниясының 878 млрд теңгеге «Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығы» шахтасының екінші кезеңін жүзеге асыруы да облыстағы болашақтағы ең үлкен жобаның бірі болатынын айтты.